Алматы облысына іссапармен келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Есік жеміс консерві зауытының жұмысымен танысты.
Өндірісі жолға қойылған зауыт Еңбекшіқазақ ауданының Қайнар ауылында орналасқан. Мұнда тәулігіне 600 тоннаға дейін шикізат өңдеуге қауқарлы «Triowin», қызанақ пен алманы өңдеуге арналған «Manzini», сондай-ақ томат пастасын, джем, алма мен өрік езбесін, алма шырынын дайындайтын желілер бар. Олардың барлығы да заманауи технологиямен жабдықталған. Өндірілген өнімді құятын қаңылтыр ыдысты да зауыт өзі шығарады. «Мұндай кәсіпорындар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жаңа жұмыс орындарын құруда және агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ықпал етуде маңызды рөл атқарады», – деп зауыт жұмысын жоғары бағалаған министр сапалы өнім қашанда бәсекеге қабілетті екенін айтты.
2010 жылы жұмысын бастаған кәсіпорын басшысы Ерік Айдарбаев компанияның 1500 гектар жеке ауылшаруашылық алқабы және 10 000 шаршы метр жылыжай кешені барын атап өтті. Зауыт өнімдері, оның ішінде концентрацияланған шырын түрлері мен алма, қызанақ, көкөніс езбелері тек біздің елімізде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы