Іле ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында жемқорлыққа қарсы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында арнайы іс-шара өтті. Оны Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және Іле ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды. Шара аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ тұрғындармен кездесіп, қоғам дертімен күрестің маңыздылығы мен оның алдын алу шаралары туралы айтты.
Кездесу барысында топ мүшелері сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін кері әсеріне, оның елдің дамуына кедергі келтіретініне тоқталды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес, баршаға ортақ іс екенін, сол себепті мұнда әрбір азаматтың рөлі маңызды болып саналатынын атап өтті.
Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы да ақпарат берілді. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қоғамның осы мәселеге деген көзқарасын өзгертуге бағытталған. Топ мүшелері алдағы уақытта да мұндай кездесулерді жалғастырып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істемек.
Мобильді топ жұмысының негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік ашу.
Халықпен кездесуде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, Іле ауданы әкімінің аппараты, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, ТҮКШ және ТҮИ, төтенше жағдайлар бөлімдері, Өтеген батыр ауылдық округінің әкімдігі, орталық аурухана, «Мансап» орталығының өкілдері белсенділік танытты. Шараға қатысқан аудан тұрғындары да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтып, бұл кездесудің пайдалы болғанын жеткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте әр азаматтың белсенді болуы елдің болашағы үшін аса маңызды. Осы тұрғыда мобильді топ жұмысының тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға қосар үлесі зор.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы