Апта басында «БЕНТ» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің президенті, Іле аудандық мәслихатының депутаты Дінмұхамед Кузиев тілшілерді арнайы шақырып, жаңа өндірістің қыр-сырымен таныстырды. Жаңа өндіріс деп отырғанымыз – 2023 жылы құрылған «Fasteners Metal» БК» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі және Алматы облысының аумағында ашылған Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны. Рельсті бекітудің барлық 5 бөлшегін, оның ішінде 3 полимерлі бөлшектерді, дюбель, бұрыштық бағыттаушы тақта, рельс астындағы төсем және болаттан теміржол бұрандасын өндіреді.
Кәсіпорын Қытай Халық Республикасының ірі теміржол холдингтерінің бірі «GK Railways»-пен бірлесіп құрылды. Компания жоғары жылдамдықты жүрдек пойыздардың теміржолдары үшін жасалатын жол құрылымының материалдарын дайындаумен және жеткізумен айналысады. Олар өз өнімдерін әлемнің 15-тен астам еліне, оның ішінде АҚШ, Испания, Италия, Англия, Оңтүстік Америка, Қазақстанға экспорттайды. Осы бастаманың басы-қасында өзімізге белгілі «Фирма» БЕНТ» компаниясы тұрғанын еске сала кетейік. Фирмада темірбетон конструкциялары, автоклавты газоблоктар, қиыршық тастар өндіріледі. Сонымен қатар материалдардың 400-ден астам түрін сынау мүмкіндігі бар зертхана жұмыс істейді. Кәсіпорынның 11 техникалық мамандық бойынша жұмыссыздарды оқытуға арналған оқу орталығы да бар. Мұнда зауытқа қажетті мамандар даярланады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қатысуымен «GK Railways» ірі Қытай холдингімен рельсті бекітпелер өндірісі бойынша кәсіпорын желісін роботтандыру жөнінде келісімге қол қойылғаннан кейін Қазақстан тарапынан «Fasteners Metal» бірлескен кәсіпорны ашылып, жұмысын бастап кеткен еді. Қазір компания 800 мыңнан астам шпалдар мен 1 миллион 200 мыңға жуық рельсті бекіткіштер шығаруға мүмкіндігі бар өнеркәсіптік кәсіпорынға айналған.
Компания басшысы Дінмұхамед Кузиев өнім үлесінің 60 пайызын «Fasteners Metal бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, қалған 40 пайызын Қытай Халық Республикасының жүрдек темір жолдары үшін осы бекіткіштерді жеткізетін «GK Railways» ірі теміржол холдингінің иеленетінін атап өтті.
– Жалпы айтқанда, соңғы бес жылда компаниямызға тартылған инвестиция көлемі 7 млрд теңгеден астам соманы құрады. Соның негізінде оқу орталығы, үлкен зертхана, автоклав блогын өндіру зауытының құрылысы жүргізіліп, сондай-ақ рельсті блоктардың барлық бөлшегін шығару бойынша қазір танысытырылып тұрған цех іске қосылды. Мәселен, дәл осы өндіріске 6 млн доллардан астам инвестиция салынды, – деді Дінмұхамед Кузиев.
Өткен жылы «GK Railways» компаниясы жол бұрандалары мен серпімді терминалдарды өндіруге арналған заманауи жабдықтарды ұсынды. Оның өндірістік қуаты жылына 1 500 000 жол бұрандасы мен 2 000 000 серпімді терминалды құрайды. Қазақстан үшін бірегей өндіріс ошағы болып саналатын кәсіпорын жұмысы роботтандырылған қондырғылармен адамның қатысуынсыз толығымен автоматты түрде жүргізіледі. Бір робот үш адамның жұмысын істейді. Бұл еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің сапасын жақсартуға мол мүмкіндік ашып отыр. Барлық қажетті жабдықпен жабдықталған зертхана келіп түсетін шикізаттық материалдарға толық кіріс бақылауды және дайын өнімге шығыс бақылауды жүзеге асырады. Елдегі үлкен қажеттілікті өтеумен қатар, бұл өнімдер ТМД елдеріне, соның ішінде Ресей Федерациясына, Қырғызстанға экспортталады. Компанияда 600 адам жұмыс істейді, бұған қосымша тағы 400-ден астам жұмыс орны құрылған. Жұмысшылардың жалақысы 380000 теңгеге дейін көтерілген. Зауыттың барлық кәсіпорнында цифрландыру, жаңғырту және автоматтандыру жүргізілген. Бір сөзбен айтқанда, «Fasteners Metal» бірлескен кәсіпорны импортты алмастыруды қамтамасыз ете және жаңа жұмыс орындарын құра отырып, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Кәсіпорын өнімі де жоғары экспорттық әлеуетке ие, ТМД елдерімен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашылған.
Бағдат ШОЙБАС
Іле ауданы