Жыл басынан бері Алматы облысында 505 өрт оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары көрсеткіш.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Самат Кенжехан мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, өрт салдарынан 13 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алған. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда қаза тапқандар саны 23%-ға азайған. Өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алған. Биыл 305 оқиға тіркеліп, 11 адам қаза тапқан. Өрттердің негізгі себептері: электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, тұрмыстық техникаларды қолданудағы қателіктер және пештерді орнату мен пайдалану кезіндегі бұзушылықтар.
Департамент өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында ауқымды алдын алу шараларын жүргізуде. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға ерекше назар аударылып, 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында 3743 үйге тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 459 үйде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны анықталып, оның 409-ы сол жерде жойылды.
Жылыту маусымында 855 үйге 664 көміртегі тотығын анықтайтын датчик пен 191 түтін детекторы орнату жоспарланған.
“Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Алдын алу шараларын күшейтіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастырудамыз,” – деді Самат Кенжехан.
Жылыту маусымы кезінде тұрғындар пештер мен түтін мұржаларын үнемі тазалап, техникалық жағдайын тексеріп отыруы тиіс деп қорытындылады спикер.