Кегендік шаруалардың егін науқанын бастап кеткеніне он шақты күн болды. Олар биыл дала төсіне арпа, бидай мен мал азығы дақылдарын екті.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауылындағы егіс алқабына ат басын бұрып, шаруашылықтарды аралап, жұмыс қарқынын көзбен көрді. Шаруа қожалығы иелерімен сөйлесті. Нұрбақыт Молдахметұлына аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов пен аталмыш шаруашылық төрағасы Қанат Молдасанов сапарлас болып, дала жұмысы барысын таныстырды.
– Кенеттен жауған жауын егінді оруға өз кедергісін келтірді. Бірақ бірер күнде шашпай-төкпей, жиын-терінді аяқтап қаламыз, – деді қожалық төрағасы Қанат Молдасанов.
Кеген ауылдық округінде өз мақсатында пайдаланылмай жатқан жер учаскесі мемлекеттік жер қорына қайтарылып, Кеген ауылының 15 тұрғынына заң тәртіптеріне сәйкес үлестіріліп берілген болатын. Қазіргі таңда 15 отбасы егістік жерді өз мақсатында пайдаланып, әр гектарынан 2,5 тоннадан жаздық арпа алды.
– Қазір ауыл шаруашылығы өніміне деген сұраныс жоғары. Сіздер сияқты еңбек адамының өнімі жерде қалмайды. Халықты азық-түлікпен қамтитын өздеріңіздей шаруаның көп болғаны жақсы. Аз жерден мол өнім жинау үлкен жетістік, – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Биыл аудан әкімінің арнайы тапсырмасымен ірілі-ұсақты барлық шаруашылық көктемгі егіс жұмысын дер уақытында бастап кетті. Соған сай егіс өнімділігі жоғары болады деген жоспар да бар. Әрине, мұндай жетістікке қол жеткізудің сыры атқарылған еселі еңбекте жатқаны сөзсіз. Дала диқандары осындай ауқымды жұмысты атқаруға барлық жағдайды жасап отырған аудан басшылығына өз ризашылықтарын жеткізді.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев шаруалардың жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, молшылыққа кенелуіне тілектестігін білдірді. Бұдан соң өңір басшысы Қарқара ауылындағы «Құмтекей» шаруа қожалығының егіс алқабымен де танысты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы