Жамбыл ауданының Ащысу ауылына атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері келіп, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында әлемнің озық елдері қолданып отырған атом электр стансаларының артықшылықтары, олардың экологиялық және экономикалық тиімділігі талқыланды.
«АЭС – бұл экологиялық таза әрі тұрақты энергия көзі. Қазіргі таңда Қазақстан жыл сайын электр энергиясының тапшылығын сезініп, оны сырттан импорттауға мәжбүр болып отыр. Атом электр стансасын салу арқылы біз өзімізді тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа тәуелділікті азайтамыз», – деді халықтық штабтың мүшесі Махаббат Бигелдиев. Сондай-ақ кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Мадияр Әмірғалиев қатысып, еліміз үшін маңызды мәселені жан-жақты түсіндірді. Жиынға келген тұрғындар атом электр стансасының экологияға әсері, радиациялық қауіптерді басқару және жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндіктері туралы толымды ақпарат алды.
Ащысу – Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылынан солтүстік-батысқа қарай 137 шақырым қашықтықта жатқан шағын елдімекен. Күрті аймағындағы Сарытауқұм ауылдық округінің әкімшілік орталығы. Ащысу және Қаншеңгел елдімекендерінен құралған шалғайдағы аталған округ Үлкен ауылына баратын бағытта орналасқан. Егер атом электр стансасы Үлкен ауылының маңында салынатын болса, онда ащысулықтар үшін де жаңа жұмыс орындарының есігі көптеп ашылары сөзсіз.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы