Жамбыл ауданында облыс әкімінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің «Батагөй» республикалық байқауы өтті. Ұлттық құндылықтар дәріптелген шараға өңір аудандарымен қатар Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстарынан да қатысушылар арнайы ат арытып келді.
Жамбыл ауылдық Мәдениет үйіне жиналғандарды алдымен аудан әкімінің орынбасары Әділбек Қамбарұлы құттықтады. Жыр алыбының ауылына келген қарияларға облыстық ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім және даму орталығының басшысы Елбосын Абай лебізін арнап, шараның мақсаты мен маңызына тоқталды. «Қазақта «Атасының баласы, әжесінің баласы» деген керемет сөз бар. Ата мен әженің тәрбиесін алған бала ешқашан жаман болмайды. Бата – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасы, ұлт руханиятының өзегі. Әр сөзінде үлкен пәлсапа, ізгіліктің бастауы жатыр», – деген ол қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау үш кезеңде өтті. «Баталы ерге бақ қонар» атты алғашқы кезеңде немересін ертіп шыққан ақсақалдар кезегімен өздерін таныстыра отырып, баталарын айтты. Атасы бастаған батаны немересі жалғастырып әкетіп отырды. Келесі сын «Бата алғанның бағы артар» деп аталды. Мұнда қатысушылардың дайындығы, табан астында тауып айтқыштығы сынға түсті. Экранға шығарылған ұлттық салт-дәстүр түрлеріне орай, қол жайып бата берді. «Ата сөзі – бата сөзі» атты үшінші кезеңде көпшілікке арнап қорытынды бата беруден сынға түсті. Батагөйлер сайысы қазақтың қара сөзінен қаймақ айыратын қариялардың қатары мол екенін көрсетті. Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлт дәстүрінің тіні үзілмейтінін байқатты.
Қазылар алқасына өлеңнің қара жорғасы атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әуелбек Ысқақ төрелік етіп, Асылы Осман, Тәңірберген Қасымберкебаев, Амангелді Беспаев, Батырбек Жалмұрзаев сияқты тіл жанашырлары, қоғам қайраткерлері баға беріп отырды. Бас жүлдені Райымбек ауданынан Көпірәлі Әлғожа мен баласы Ерасыл жеңіп алып, 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал I орын Жамбыл облысынан Сейітқазы Медетбек пен немересі Фардаусиға берілді.
Байқаудың 2-дәрежелі дипломымен Жамбыл ауданынан Баққожа Мәсенов пен немересі Әли Ақниетұлы, Қарасай ауданынан Жаңабай Күлшиев пен немересі Данияр марапатталды. 3-орынға Іле ауданынан Қайратдин Қылышбаев пен немересі Нұрсұлтан, Түркістан облысынан Жолдасбек Тұрманбетов пен немересі Бекназар, Жетісу облысынан Серікбек Балқыбеков пен немересі Әли ие болды. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталды. Қатысушылардың ешқайсысы ақын ауылынан жүлдесіз қайтқан жоқ.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы