ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың мүшелері облысқа арнайы келді. Құрамында депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар штаб мүшелері өңірдегі кәсіпорын ұжымдары, кәсіпкерлер және жергілікті жұртшылықпен кездесіп, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдум өткізу мәселелерін саралады.
Облыс жұртшылығымен кездесуде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев:
– Бүгін біз Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың АЭС салу мәселесі бойынша Жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастамасын талқылау үшін арнайы келіп тұрмыз. Мұндай маңызды мәселені дауысқа салу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі екені сөзсіз. Бұл ретте әр азаматтың дауысы үлкен мәнге ие. Сондықтан біз елдің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауымыз керек, – деді.
Келесі қадамда штаб мүшелері «GREEN Land ALATAU» жылыжайына барды. Онда отандық кәсіпорындарды энергиямен тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне баса мән берілді. Қазіргі таңда елдің энергетикалық секторы негізінен көмір электр стансаларына тәуелді. Кездесуде сенімді және қауіпсіз энергия көзі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің тұрақты дамуы үшін де аса маңызды екені сөз етілді.
Өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесу барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев АЭС-ті ұзақ мерзімді пайдалану арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруға және инфрақұрылымды дамытуға, ірі жобаларды іске асыруға жол ашылатынын тілге тиек етті. Оның сауда, қоғамдық тамақтану, көлік және тағы басқа салалар мен жергілікті бизнестің дамуына оң әсерін тигізетінін жеткізді. Атом электр стансасының құрылысын салу тек ядролық мамандар мен ғалымдарды ғана емес, сонымен қатар жұмысшыларды, құрылысшыларды, әртүрлі тауарлар мен қызметтерді жеткізушілерді тартуды талап ететінін айтты.
–Біз бәсекелік артықшылығымызды пайдалануымыз керек. Қазақстан – уран өндірісі бойынша көшбасшы мемлекет. Елімізде Үлбі металлургия зауыты, Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Онда тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Яғни, елімізде барлық мүмкіндік пен ресурс бар. Сондықтан, елді тұрақты энергиямен қамтамасыз ету – біз үшін өте маңызды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Облысқа сапары аясында халықтық штабтың мүшелері Ш.Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің қызметімен танысып, станса мамандары және басшылығымен энергетика саласын дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Ерзат АСЫЛ