Талғар ауданындағы «Қобыланды» атшабарында ұлттық спорт түрлері – аударыспақ, жамбы ату және теңге ілуден облыстық чемпионат өтті. Аталған жарысқа Қонаев қаласы мен аудандардан 60-тан аса спортшы қатысты.
Аударыспақтан 2007-2010 жылы туған жасөспірімдер 9 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Бұл спорт түрі облыста жыл өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Өңір намысын қорғап жүрген спортшылардың нәтижесі көңіл қуантады.
«Жасөспірімдер арасында республика бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз. Мықтылық пен ептілікке баулитын ұлттық ойын жастар арасында танымал бола бастады. Соған қуанамыз. Біз үнемі облыстық чемпионатты «Қобыланды» атшабарында өткіземіз. Өйткені бұл жер халықаралық стандартқа сай жасалған», – дейді аударыспақтан Алматы облысының бас бапкері Тұрар Мұратұлы.
Жарыс қорытындысы бойынша, Райымбек ауданының спортшылары бірінші орынды иеленді. Атап айтқанда, Нұржігіт Бейбітұлы, Рүстем Сүлеймәди, Сәрсенбай Сұлтанбек және Алмас Текенұлы қарсыластарынан басым түсті.
Жамбы ату жарысы да тартысты өтті. Мергендер бар өнерін ортаға салды. Нәтижесінде, Нұрсұлтан Бірлікбаев пен Асылбек Қазыбектің жебелері нысанаға дөп тиіп, жеңімпаз атанды. Ал теңге ілу ойыны «бес белес», «қос құлаш» және «жеті құт» деп аталатын үш кезең бойынша өтті.
«Теңге ілу жарысы әлемдік деңгейге көтерілді. Күні кеше ғана елімізде жалауы желбіреген Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында біздің спортшылар тамаша өнер көрсетті. Еліміздің ұлттық құрамасы чемпион атанды», – дейді теңге ілуден облыс бойынша аға жаттықтырушы Кенже Жанбота.
Жарыс қорытындысы бойынша, «бес белестен» – Олжас Мырзағали, «қос құлаштан» – Асимжан Нариман және «жеті құттан» – Марлен Нурсидин жеңімпаз атанды.
Өз тілшіміз
Талғар ауданы