Балалар әдебиетінің бәйтерегі, көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы еліміздің әр түкпірінде аталып өтуде. Қаламгердің кітаптары күні бүгінге дейін оқырманның қолынан түспей келеді. Сондықтан болар, ел-жұрттың жазушыға деген құрметі ерекше. Жуырда Соқпақбаев шығармаларымен сусындап өскен бір топ азамат Кеген ауданы Торыайғыр тауының Айырлы асуындағы бұлаққа «Бердібектің бұлағы» деген ескерткіш-тақта қойды.
Аталған бұлақ Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» атты кітабына арқау болған. Жазушы өзінің шығармасында ФЗО-дан қашып, ауылына ашығып келе жатқанда бұлақ маңына тоқтап, суын ішіп, түнеген екен. Осыған байланысты қаламгерді мәңгі есте қалдыру мақсатында және болашақ ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен өлкетанушы Мүлік Исабеков бастама көтерген. Игі істі бәрі бірауыздан қолдаған. Бұл туралы бастамашы топтың белсендісі, өлкетанушы Болат Сәрсенбаев қуанышын бізбен бөліскен еді.
– Ынталы топ мүшелері – ұлы жазушының рухани әлемін жете түсінген жандар. Барлығымыз классиктің шығармаларын оқып өстік. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындылары санамызда жатталып қалды. Осыған байланысты Мүлік Исабеков ағамыздың ұсынысымен ескерткіш-тақта қойдық. Ел-жұрт атынан көмекке қолын созған Айдархан Батырбеков, Құрманбай Кәкенов, Азат Мұсаев, Бейқұт ініміз, Салтанат Бакеева, Дәурен Данияров, Әбіш Әділбеков, Алтай, Сүйіндік Нүсіпбеков, Шәміл Сағындықов, Алғазы және Мүлік ағаларымызға, сөгетілік жастарға көп рақмет айтамыз. Ойдағы істің орындалғанына ел риза, – дейді ол.
Жексен Сағымбекұлы
Кеген ауданы