Еңбекшіқазақ ауданындағы Ә.Қайдар атындағы мектептің ұжымы АЭС салу мәселесін талқылау мақсатында Халықтық штаб мүшелерімен кездесті.
Бұл кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжанов пен Максим Рожин арнайы қатысты. Кездесу барысында атом энергетикасы саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы мен оның болашақтағы рөлі егжей-тегжейлі талқыланды.
Жанарбек Әшімжанов өз сөзінде Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде атом энергетикасының маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елімізде өндірілетін электр энергиясының басым бөлігі ескірген көмір электр станцияларынан алынады, бұл экологиялық жағынан тиімсіз және болашақта электр тапшылығына әкелуі мүмкін.
«Қазақстанның энергетикалық жүйесі айтарлықтай ескірді. Қазіргі таңда еліміздегі электр энергиясының 66%-ы көмірмен жұмыс істейтін станциялардан алынады. Бұл экологияға кері әсер етеді және болашақта энергия тапшылығына әкелуі мүмкін. Биылғы энергия тапшылығы 2,4 миллиард кВт/сағатты құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,3 миллиард кВт/сағатқа жетуі мүмкін. АЭС – осы мәселені шешудің ең тиімді жолы, ол тұрақты әрі экологиялық таза энергия көзі болады», – деді Жанарбек Әшімжанов.
Максим Рожин де АЭС салудың ел экономикасына тигізетін оң әсерін атап өтті. Оның пікірінше, атом электр станциясы тек энергиямен қамтамасыз етудің тиімді жолы ғана емес, сонымен қатар, экономиканың түрлі салаларының дамуына серпін беретін маңызды жоба.
«Атом электр станциясын салу ел экономикасы үшін өте маңызды қадам. Бұл тек энергия мәселесін шешіп қана қоймайды, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымды дамытады. Болашақта АЭС Қазақстандағы энергетикалық тәуелсіздікті нығайтып қана қоймай, жаңартылатын энергия көздерімен қатар елдің энергетикалық балансын реттейді. Осы орайда халықтың бұл жобаны қолдауы біздің болашағымызды айқындайды», – деді Максим Рожин.
Кездесуге қатысқан ұстаздар мен мектеп қызметкерлері де өз пікірлерін білдіріп, атом энергетикасының маңыздылығын түсінгендерін айтты. Олар АЭС салу арқылы елдің энергетикалық болашағының сенімді және тұрақты болатынын атап өтті.
turkystan.kz сайтынан алынды