2014 жылы 14 тамыз күні салық және кеден органдарын біріктіру, сондай-ақ қаржы полициясының экономикалық тергеу міндетін беру арқылы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылды. Бұл мекеме еліміздің қазынасын қалыптастыру, экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ел экономикасының дамуы, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, мемлекет бюджетіне салықтық және кедендік төлемдердің тиімді төленуі, тұрғындардың құқықтық сауаттылығы мен салықтық мәдениетін арттыру – осының бәрі мемлекеттік кірістер қызметінің күнделікті тынымсыз жұмысы. Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Едгар ЛЕСХАНОВПЕН осы мәселелер төңірегінде сұхбаттастық.
– Едгар Лесханұлы, елімізде 2024 жылдың 1 қаңтарынан жалпыға бірдей декларациялаудың ІІІ басқышы енгізілді. Соның аясында заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары мен жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары 250.00 үлгісі бойынша «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы» декларация тапсыруы тиіс. Бұл не үшін қажет және оны қалай тапсыруға болады?
– Негізі жалпыға бірдей декларациялау елімізде 2021 жылдан бастап енгізілді. Биыл өз активтері мен міндеттемелері туралы ақпаратты заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен қатысушылары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсыруға міндетті. Декларацияда 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі мәліметтер көрсетілуі тиіс. 15 қыркүйекке дейін бизнес өкілдері жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы 250.00 үлгі бойынша декларацияны тапсырып болуы керек еді. Оны Мемлекеттік кірістер комитетінің «е-salyq Azamat», «eGov» порталы ақпараттық жүйесі, сондай-ақ Каспий банк, ЦентрКредит, Халық банк және басқа да банктік мобильді қосымшалар арқылы тапсыруға болады. Мынаны ескерте кетейін, Қазақстанда тіркелген гараж, жер телімі, саяжай, тұрғын үй, көлік, тіркеме сияқты жылжитын және жылжымайтын мүліктер, сондай-ақ қазақтандық банктердің шоттарындағы ақша қаражаттары туралы мәліметтер өкілетті органдарда әлдеқашаннан бері бар болғандықтан, декларацияда көрсетілмейді.
Егер салық төлеуші декларация тапсыру кезінде қателескен болса, түзетуге құқығы бар. Салық кодексінің 48-бабына сәйкес, өзгертулер мен толықтыруларды талап қою мерзімі өткенге дейін үш жыл ішінде енгізуге болады.
Жалпыға бірдей декларациялау салықтың әділ салынуы және көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету үшін қажет. Сондықтан Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер комитеті барлық азаматты декларацияны өз уақытында тапсыруға шақырады. 250.00 үлгісіне қатысты айтар болсақ, «Салық төлеушінің кабинетіндегі» web-қосымшасы немесе «e-Salyq Аzamat», «еGov mobile», «Halyk» мобильді қосымшалары арқылы 2024 жылы декларация тапсырған соң, азаматтар 2025 жылдан бастап, жыл сайын 270.00 үлгідегі «Жеке тұлғаның табысы мен мүліктері туралы декларация» тапсыруы тиіс.
– Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудегі басты мақсат не?
– Мұндағы басты мақсат – көлеңкелі экономика және жемқорлық әрекеттерімен күресу үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылау жүйесін қалыптастыру, сонымен бірге қазынаға түсетін салықтар мен міндетті төлемдердің жиналуын қамтамасыз етуде мемлекеттің рөлін күшейту.
– Бюджетке түсетін салықтар мен басқа төлемдердің толық және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету мемлекеттік кірістер ұйымдарының бір міндеті екені белгілі. Бұл іс қалай орындалуда? Салықтар бойынша берешектерді азайту үшін не істелініп жатыр?
– 2024 жылдың кірістер бойынша жоспары ойдағыдай орындалуда. 1 қыркүйекке дейінгі мәлімет бойынша республикалық бюджет 127,9 пайызға, облыстық бюджет 138,6 пайызға, ал жергілікті бюджет 111,2 пайызға орындалды. Ал берешектерге келсек, Салық кодексі бойынша бюджетке түсетін төлемдердің толық және уақытылы жүргізілуін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Сонымен бірге салықтық қарыздарды жабу салық төлеушілер тарапынан да, сондай-ақ кодексте көрсетілген мәжбүрлі өндіру шараларын қолдану арқылы мемлекеттік кірістер органдары тарапынан да қамтамасыз етілуде. Осындай шараларды қолдану берешектерді азайтуға мүмкіндік береді.
– Кедендік төлемдер бойынша кіріс көлемі ұлғайды ма? Мемлекеттік қызметтер бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Иә, айтарлықтай ұлғайды, жоспар 100,3 пайызға орындалды. Өсім қарқыны 142,0 пайызды құрайды. Ал мемлекеттік қызметке келсек, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілермен тікелей қарым-қатынасты барынша азайту мақсатында, сондай-ақ оларға қолайлы жағдай жасау үшін қызмет көрсету мүмкіндігін үнемі кеңейтіп келеді. Қазір үйден не кеңседен шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде салықтық есеп тапсыру, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу, салықтарды төлеу және қайтару, бюджетке төленетін міндетті төлемдер мен басқа да ең сұранысқа ие қызметтерді онлайн түрінде алуға болады. Барлық қызмет пен сервистер электронды санды қолтаңба болса, үкіметтің электронды веб-порталындағы салық төлеушінің кабинетінде қолжетімді. Дәл қазіргі кезде 99 пайыз мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетіледі.
– Борышкерлермен қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Кодексте салық төлеушілер міндеттемелерін уақытылы және толық көлемде орындауы қажет екені белгіленген. Өз кезегінде мемлекеттік кіріс мекемелері белгіленген мерзімде орындалмаған салықтық міндеттемелерді орындату шараларын қолданып, оларды мәжбүрлі өндіру әдістерін жүзеге асыруы тиіс. Ондай әдістерге:
– салық пен бюджеттік төлемдердің төленбеген сомасына өсім есептеу;
– банктердегі шоттар бойынша кіріс-шығыс операцияларын тоқтату;
– касса бойынша кіріс-шығыс операцияларын тоқтату;
– мүліктерді қолдануды шектеу жатады.
Салықтық қарыздарды мәжбүрлі өндіру шаралары:
– банктік шоттарда тұрған ақша;
– дебиторлардың шоттары;
– қолдануға шектеу қойылған мүліктерді сату;
– жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығарту есебінен жүргізіледі.
Бұл аталған мәжбүрлі өндіру әдістері мен шаралары заңды тұлға, олардың құрылымдық бөлімшелері, Қазақстан Республикасында өз қызметін тұрақты атқаратын мекеме, жеке кәсіпкерлер және жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға қатысты қолданылады. Сондай-ақ мәжбүрлі өндіру әдістері мен шаралары тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде, басқаша айтқанда, салық төлеушінің тәуекел деңгейіне байланысты дифференциалды түрде қолданылатынын айта кеткен жөн. Мысалы, Салық кодексінде мәжбүрлі түрде өндіру әдістері мен шаралары тәуекел деңгейі жоғары және орта салық төлеушілерге қатысты қолданылатыны көрсетілген. Егер категориялау қорытындысы бойынша салық төлеушінің қызметі тәуекелі төмен деңгейге жатқызылса, бұл жағдайда мәжбүрлі өндіру шарасы қолданылмайды. Сонымен бірге, салық төлеуші қарызын 30 күнтізбелік күн ішінде жаба алмаса, оның тәуекелділік деңгейі жоғары немесе орташа категорияға өткізіледі. Мәжбүрлі өндіру әдіс-шаралары салықтық қарыздары өтеу жөнінде тапсырылған және қолдану мерзімі көрсетілген хабарлама негізінде жүзеге асырылады. Мысалы, тәуекелі жоғары деңгейдегі салық төлеушінің банктегі шоттары бойынша кіріс-шығыс операциялары қарызын өтеу жөніндегі хабарлама тапсырылған соң бір жұмыс күні өткеннен кейін, ал тәуекелі орташа дейгейдегі салық төлеушінің операциялары он күн өткен соң тоқтатылады.
Егер кәсіпкер емес жеке тұлға немесе жеке тәжірибемен айналысатын тұлға «Республикалық бюджет туралы» Заңмен белгіленген және тиісті қаржылық жылдың 1 қаңтарына дейін әрекет ететін 1 айлық есептік көрсеткіштен жоғары салықтық төлемдерін төлемесе, яки толық төлемесе, хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 күнтізбелік күн өткен соң салық органы өкілетті орган белгілеген үлгі бойынша салықтық бұйрық шығарады және бес жұмыс күні ішінде оны жеке тұлғаға жібереді. Жеке тұлға қарыздарын төлемеген жағдайда, салықтық бұйрық тапсырылғаннан кейін салық органы бес жұмыс күн ішінде кодекстің 115-бап, 1 тармағына сәйкес, осындай салықтық бұйрықты «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіпке сәйкес, аумақ бойынша тиісті әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларының палатасына мәжбүрлі түрде орындау үшін жібереді.
– Мемлекеттік кірістер мекемесінің жұмысында қандай жаңалықтар бар?
– Биылғы жылдан бастап камералық бақылау форматы өзгерді. Ол түгелдей адам факторын жоққа шығарып, автоматтандырылған сервистік үлгі болып қайта форматталды. Тәуекелі орта деңгейдегі хабарламаларды орындау жүзеге асырылмады деп тану және оны дәлелдейтін құжаттар болуын міндеттейтін талап жойылып, бұл жұмыс оңтайландырылды. Хабарламаның орындалмағаны туралы шешім енді тек салық органдары камералық бақылау нәтижесінде анықтаған, жойылуы тиіс кемшіліктер бойынша ғана шығарылады.
Осылай тәуекелі орта деңгейдегі барлық хабарлама, алыс-берістегі жеткізушілердің тіркелуі, қайта тіркелуі дұрыс емес деп танылған, сондай-ақ реабилитациялау негіздері жоқ болуына байланысты тоқтатылған қылмыстық істерден басқа, автоматты түрде орындалған деп танылатын болды. Сонымен бірге камералық бақылаудың хабарламаларын ескерген салық төлеушілердің банктегі шоттары бойынша кіріс-шығыс операциялары тоқтатылмайтын болды. Сондай-ақ камералық бақылау хабарламаларының орындалу мәртебесін ақпараттандыру тәртібінде қарап отыру мүмкіндігі туды. Салық төлеушілерді камералық бақылау хабарламаларын уақытылы орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту тәжірибесі тоқтатылды.
– Мұның бәрі салық төлеушілер үшін жақсы жаңалық екен. Жалпы салық дегенді бір ауыз сөзбен қалай түсіндірер едіңіз?
– Меніңше, салық дегеніміз – ел қазынасының басты көзі. Егер ел тұрғындары, әрбір салық төлеуші, әртүрлі мекемелер бюджетке төленетін міндетті төлемдерді саналы түрде уақытылы төлейтін болса, мемлекет қаржылық қиындыққа ұшырамайды. Бұл өз кезегінде экономикамыздың қарқынды дамып, халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, күнкөріс деңгейінің артуына ықпал етеді.
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы