Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту – Жаңа Қазақстанның басым бағытының бірі. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бірқатар саяси реформа жүргізіліп, ілкімді істер атқарылуда. Мемлекет басшысының «Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру» туралы бастамасын жүзеге асыру бағытында көкірегі ояу, көзі ашық жастарды мемлекеттік басқаруға тарту білімді, бастамашыл жастарды іріктеу жолға қойылды. Бұл игі іс Алматы облысында да қолға алынған. Осы орайда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірлік кадр резерві мүшелерімен кездесті.
«Ел Президентінің мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдету бойынша берген тапсырмасын орындау және басқару жүйесіне озық ойлы жастарды тарту мақсатында былтыр кадрлық саясатқа жаңа институттар енгізілді. Мысалы, басқарма басшысы лауазымына конкурстан тыс тікелей тағайындау жолымен облыста 12 басшы тағайындалды. Аудандық, ауылдық деңгейдегі бас маман, жетекші маман лауазымдарына грант негізінде оқып, GPA-3.33 балдан төмен емес болған жоғары оқу орындары түлектеріне конкурстан тыс тағайындалу мүмкіндігі қарастырылды. Биылдың өзінде осындай жеңілдікпен облыстың жергілікті атқарушы органдарына 25 адам қызметке алынды», – деген облыс басшысы жуырда ғана Талғар ауданы әкімі аппаратына Рабиға Ермағанбетованың қабылданғанын атап өтті. – «Біз жастарға, олардың әлеуетіне және энергиясына сенеміз. Олар – прогрестің қозғаушы күші, жаңа идеялар енгізіп, облыстың гүлденуіне жаңа дәуір аша алады», – деді Марат Елеусізұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов 2019 жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві қалыптастырылып, оған 400 адам қабылданып, қазірде олардың 70 пайызының жауапты лауазымдарда қызмет атқарып жатқанын айтты. Осы жоба аясында Алатау қаласының әкімі болып Әркен Өтенов пен ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облыстық департаментінің басшылығына Дәулет Қалдығожиннің тағайындалғанын тілге тиек етті. ҚР Президентінің 2023 жылғы 15 маусымдағы №255 Жарлығына сәйкес, 1 наурыздан мемлекеттік қызметке жас мамандарды тарту, жауапты лауазымдарға білікті азаматтарды тағайындау мақсатында өңірлік кадрлық резерві жүзеге асырылғанын хабардар етті.
Департамент басшысының айтуынша, резервке іріктеу кезеңдеріне жоғары білімі және кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатысқан. Облыс бойынша жалпы іріктеуде 277 үміткер бақ сынап, комиссия шешімімен агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру, әлеуметтік сала бағыттары бойынша резервке 26 адам қабылданған. Үміткерлердің резервте болу мерзімі – 2 жыл. Осы мерзім ішінде әр резервшіге білімі мен меңгерген мамандығына сәйкес лауазымды қызмет ұсынады. Олар жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына біліктілік талаптарына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен тағайындала алады. Егер облысқа басқа да мамандар қажеттілігі туындаса, резервке тағы да іріктеу өткізетін болады. Арсен Абзалұлы өңірлік кадр резервінің мүшесі, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы Райымбек Иембердінің кәсіпкерлікті және сауданы дамыту бөлімінің басшысы лауазымына құзырлы органның келісімі арқылы тағайындалғанын жеткізді. Департамент басшысы сөзінің соңында 200-ден астам үміткердің ішінен іріктелген 26 резервшінің өз саласында көшбасшы болуға және облыстың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етуі тиіс екенін қадап айтты.
Ел үміт артып отырған сондай жастардың бірі Олжас Болатбекұлы:
– 2012 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, содан бері кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп келемін. Он жылдан астам тәжірибем бар. Кадрлық резервке өтініш берудегі басты мақсатым – аталған салада жинаған тәжірибемді мемлекеттік қызметте көрсетсем деген ниет. Бүгінгі кездесуде облыс әкімінің айтқан жалынды сөзі өзім секілді жастарға жігер берді, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ