Қазақ балалар әдебиеті дегенде, бірден ойымызға келетін қаламгер – Бердібек Соқпақбаев. Ол осы жанрды биік деңгейге көтеріп, тек қазақ халқының емес, әлем жұртшылығын мойындатып, жүрегінен орын алған дарынды жазушы. Бір қарағанда, балаларға арналған шығарма сияқты. Бірақ оның қойнауында кез келген адам бойлай бермейтін терең таным, рухани кемелдік, бұлтартпас шындық пен жан тазалығы тұнып тұрады. Әр адам шығарманы оқып отырғанда жан түкпірінде жасырынып, ұмыт қалған балалық дәуренімен қайта қауышқандай әсерге бөленіп, тәтті естеліктері күні кешегідей көз алдыңа оралады.
Биыл жазушының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Бұл Бердібек Соқпақбаев туындыларын зерттеп, кеңірек насихаттауға жол ашуда. Осыған орай жазушының қызы, аударма саласында мол еңбек сіңірген Самал Соқпақбаевамен сұхбаттасып, біртуар тұлғаның биік болмысына тереңірек үңілуді жөн көрдік.
– Кез келген адамның тұлға болып қалыптасуында ата-анасының әсері үлкен. Сіздің әкеңіз – жазушы, анаңыз – ғалым. Ол кісілер өмірлік таңдауыңызға, тұлғалық дамуыңызға қалай әсер етті?
– Бала кезімде ата-анам мені ауылға жиі алып баратын. Онда ауыл тұрмысымен танысып, адамдардың ерекше мінез-құлқы мен болмысына таңданып, өзіммен қатар балалармен асыр салып ойнап, табиғаттың көркем көрінісімен көңілімді көмкеріп қайтатынмын. Ата-анам айырылысқаннан кейін ауылға баруым сиреді. Бірақ сол бір ғажайып мекенге деген сағынышым жаныма маза бермейтін, ауылдың ерекше иісін аңсайтынмын, әсіресе студент кезімде түсіме жиі кіретін. Ондағы теңдессіз сұлулық әлі күнге дейін көз алдымда. Әкем мен анам мені осылайша табиғатқа ғашық етті.
Бес жасымда әкем Мәскеуге оқуға түскенде, анам екеуміз бірге бардық. Кішкентай бала не түсінеді демейтін, театрдағы классикалық қойылымдарға бірге баратынбыз. Ондағы барлық спектакльді көріп шықтық деп айтуға болады. Мәскеуде тұрған екі жылда жақсыны көріп өссін, есті сөзді естіп, жанына азық етсін деген ниетпен ондағы мәдени орындардың бәрін аралатты. Бұл өмір бойы менің рухани қазынама айналды. Көп жылдар аудармамен айналысып келемін. Сол шығармалардың дұрыс аударылуына осы өмір сабақтары әсер етті деп есептеймін.
Біздің үйдегі бірінші байлық кітап болатын. Артық тиын қолдарына тисе, кітап алуға жұмсайтын. Соған қарап, менің де бойымда кітапқа деген махаббат пайда болды, жатсам-тұрсам қолымнан түспейтін. Балалар әдебиетінен бастап, әлемдік деңгейдегі классикалық туындыларды оқып өстім. Мұның бәрі ата-анамның өнегесі мен тәрбиесі деп ойлаймын.
– Қаламгер балалар әдебиетінен басқа жанрға көп қалам сілтемепті. Сөз танушылар балалар әдебиетін меңгеру өте қиын дейді. Соған қарамастан, Бердібек атамыз өзінің жолын нық сеніммен таңдап, керемет нәтижелерге қол жеткізді. Ең қызығы, шығармашылығын ақындықтан бастаған. «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы – соның дәлелі. Мұндай ерекшеліктен нені аңғарамыз және өлеңнен проза жанрына ауысуына не себеп болды деп ойлайсыз?
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Себебі өлеңдер жинағы жарыққа шыққанда мен әлі екі-үш жастағы бүлдіршін едім. Дегенмен ол кісі туралы естеліктерге зер салсақ, әкем ақындық қабілетімен де өзінің шеберлігін таныта білген. Әдетте, көп жазушы өзінің шығармашылық жолын поэзиядан бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Әр туындысында балалық ішкі сезімдерін, сондай-ақ маңындағы ауыл балаларының сан түрлі мінездерін байқап, өмірдің сырын танып, түйсініп, шығармасына арқау еткен.
– Жазушы «Балалық шаққа саяхат» жасағанда өз өмірін суреттей отырып, замана келбетін де боямасыз көрсеткен, айтуға тыйым салынған отызыншы жылдардың «ақтаңдақтарын» ашқан. Соған қарамастан, цензураның қыспағынан өтіп кеткен. Мұның сыры неде?
– Бұл шығарманың да кеңестік идеологияға сай келмейтін тұстары өзгеріске түсіп, қысқартылған. Бірақ шығарманы толығымен жойып жібере алмаған. Себебі бұл кезде әкемнің атағы бүкіл Одаққа әйгілі болып, шет тілдеріне де аударыла бастады. Қызығы, «Менің атым Қожаға» да, «Балалық шаққа саяхат» шығармасына да фильм түсірілді. Қожаны көгілдір экраннан жиі көргенімізбен, екінші фильм көп көрсетілмейді. Мұның себебі маған әлі беймәлім.
– Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы сол заманның өзінде оқырманның сүйікті туындысына айналған, әлі күнге дейін солай. Повестің басылуы, таралуы, тәрбиелік мәні жайында айтсаңыз.
– Алғашында бұл туындыны ауылдағы жоқшылық пен кедейшілікті ашық суреттеген, ел тұрмысын теріс қырынан көрсеткен деген желеумен Алматыдағы баспалар шығармай қойған. «Қожа – сотқар, бұзық. Бұл біздің балаларымызға қандай тәрбие береді?» деген пікір айтқандар да болды. Әкем қайсар мінезді кісі болатын. Өз туындысына сеніп, жоғары бағалаған болу керек. Оны орысшаға аудартып, Мәскеудегі балаларға арналған шығармаларды басып шығаратын «ДЕТГИЗ»-ге алып барады. Баспа ешқандай сөзге келмей, үлкен таралыммен басып шығарған. Туынды бірден оқырманның ыстық ықыласына бөленіп, сүйіп оқитын кітапқа айналады. Дүкендерде шығармаға деген сұраныс артып, екінші рет қайта басылған. Дәл осы тұста Мәскеуге келген француздың атақты жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Луи Арагон повеспен танысып, оны француз тіліне аударып, кейіннен Парижде жарық көрген. Сондай-ақ Одақтағы барлық республикаларда кең таралған. Содан кейін ғана Қазақстанда басылды. Бұл туындының халыққа жол тартуы осылайша әрі қызық, әрі қиындыққа толы болған.
Бір оқырманның: «Әрбір қазақ баласы Қожаны оқығанда, кейіпкерден бұрын өзін көреді. Әрқайсымыздың ішімізде бір Қожа бар», – деп пікір айтқаны бар. Шығарманың әлемдік деңгейдегі үздік шығармаға айналғанынан бұл барша адамзаттың ішкі толғанысын суреттеген туынды деген ойға келесің.
– «Он алты жасар чемпион» хикаятына тоқталсақ. Онда әлсіздеу, әлжуаз болып өскен қазақ баласының бүкіл әлемді дүр сілкіндерген Олимпиада жүлдегері атанғанға дейінгі тұлғалық өсуі көрсетілген. Қазіргі жас спортшыларға жігер беретін туынды. Осы шығармаға тереңірек тоқталсаңыз.
– Әкем спортты ерекше жақсы көрген, өзі де жүгіру, футбол сынды ойындарда алдына жан салмайтын. Бәлкім, жазушы болмағанда, спортшы болар ма еді?! Шығарма сюжетін қайдан алғанын білмеймін. Бірақ өмірімде болған бір қызық оқиғамен бөлісейін. 15-20 жыл бұрын қызым екеуміз Тайландқа демалуға бардық. Біз қоныстанған қонақүйде Қазақстанның спорт делегациясы да тұрақтапты. Олардың арасында бокстан әлем чемпионы атанған Ермахан Ибраимов та бар. Менің Бердібек Соқпақбаевтың қызы екенімді білген соң, спортқа келуіне себеп болған жағдайды баяндап берді. Мектепте «Он алты жасар чемпион» шығармасын оқып, қатты әсерленіп, боксты, спорт жолын таңдаған екен. Кейіпкердің жігер-қайраты күш беріп, өзі де соған еліктеп, кейін Сидней Олимпиадасында топ жарып, чемпион атанған. Шығарма құдіреті деген – осы.
– Жоғарыда айтып өткен Қожа әлемдік кейіпкер атанып, хикаят киноға айналып, Канн фестифалінің ең үлкен жүлдесін қанжығасына байлады. Сарапшылар киноға, киносценарийге жоғары баға берді. Алайда Соқпақбаев жазушы ретінде ондай олжаны иеленген жоқ. «Өлгендер қайтып келмейді» романы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ұсынылды, бірақ жүлде алмады. Мұның себептерін неден іздеуге болады?
– Әкем өз шығармаларында тек шындықты жазды. Ол кезде қаламгерлердің біразы туындыларын мемлекеттің тапсырмасымен социалистік реализм бағытында жазатын. Анам өзінің бір сұхбатында: «Ол тағдыр-талайына төтеп беріп, ешкімге жалтақтамай, ағынға қарсы жүзді», – деп айтқаны бар. Әкем жағымпаздық дегенді білмейтін, қарағайға қарсы біткен бұтақтай еді. Жүрегі не қалады, соны көркем туындыға айналдырды. Ал кеңестік идеология бұған жол бермейтін. Қаншама мол мұра қалдырса да, омырауына бір де бір медаль тағылмады. Мемлекеттік сыйлықты былай қойғанда, тіпті Жазушылар одағына да біраз уақыт мүше бола алмады. Жанашыр жолдастары бұл әділетсіздікке көнбей, әкем үшін күресіп, шенділердің есігін сағалап жүріп одаққа мүшелікке кіргізді. Бұл қиындықтың бәрі әкемнің қайтпас қайсар, шыншыл мінезінен деп ойлаймын.
– Жазушы қаламын ерте суытты деп естиміз. Бұл қаламгер үшін оңай дүние емес. Оның бір себебі өзіңіз атап өткен «шындықтан басқаны жазбаймын» деген ұстанымы болса керек. Мұның өзге де сыры бар ма? Әкеңіздің өмірінің соңғы кезеңдерінен нені аңғаруға болады?
– Қырық жасына толмай жазуды тоқтатты. Әрине, қаламгер үшін бұл – үлкен трагедия. Ол кезде менің есейіп қалған кезім. Әрқашан ашық-жарқын, кез келген ортаны думанға бөлеп жүретін жан өмірінің соңғы жылдарында томаға-тұйық адамға айналды. Барлық сыры мен уайымын ішінде сақтайтын. Жазған шығармасын тергеуге алып, оны бұрмалаған соң жазуды тоқтатқаны рас. Қаланың сыртындағы кішкене саяжайында қаумалаған топтан өзін оқшау ұстағысы келді. Бұл – бірінші себебі. Менің тұжырымым бойынша мұның басқа да сыры бар. Анам кітапқұмар жан болатын, мектепке дейінгі балалар тілінің дамуымен айналысқан алғашқы қазақ әйелі. Ол кісінің оқу құралдары балабақшаларда әлі күнге дейін қолданылады. Сондықтан екеуінің қызығушылығы, өмірге деген көзқарасы, талғамы бір еді. Әкемнің достары үйге келгенде бәрі арқа-жарқа болып, бір жасап қайтатын. Анам екеуі айырылысып кетсе де, бір-бірін өмір бойы сүйіп өткен жандар. Бұл өкініш жүректерінде мәңгі қалды. Анам өмірінің соңғы кезеңдерінде әкем туралы жылы естеліктерді жиі айтып отыратын. Әкемнің екінші отбасын да жақсы танимын. Екінші әйелі әдебиеттен алыс адам. Мүмкін бір-бірінің жанын түсіне алмаған шығар. Менің қателесуім де мүмкін. Бірақ мұны да айтпай кетуге болмайды. Шығармашылық жандар өте сезімтал, жүректері нәзік болады ғой. Әрі ол кісінің жазушылық жолы да қиындыққа толы болды. Осы жағдайлар әкемді шығармашылықтан алыстатты.
– Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атау жазушы мұрасының жалпыадамзаттық мәдени құндылықтардың тізіміне кіргенін көрсетеді. Үлкен шешімді насихаттау үшін үлкен шаралар қажет екені белгілі. Осы жайында айтып өтсеңіз.
– Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр ЮНЕСКО өкілдерімен кездесу кезінде әкемнің мерейтойын кең көлемде атап өтуді ұсынды. Бұл құрметті тірі кезінде көрмесе де, бүгінгі таңда мұрасының маңызын түсініп, әлемдік дейгейде насихатталуы – жазушы үшін үлкен жетістік, еліміз үшін де мақтаныш. Қазір әлемде түрлі саяси-әлеуметтік қақтығыстар болып жатыр. Егер тыныш заман болса, бұдан да кең көлемде аталып өтетін еді. Соған қарамастан, жасалып жатқан жұмыстар, түрлі шаралар аз емес. Мысалы, Түркия елінде әкемнің шығармаларын аудару ісі қарқынды жүріп жатыр. Қожаның өзі бірнеше рет тәржімаланды. Біраз жыл бұрын сол аударылған кітаптың тұсаукесеріне қонақ ретінде шақырды. Биыл да атаулы датаны естен шығармай, «Өлгендер қайтып келмейді» романын аударып, қазан айында болатын тұсаукесер рәсіміне шақырды. Бұдан бөлек, француз, серб тілдерінде де шығармалары жарыққа шығуда. Сонымен қатар қараша айында Франция елінде жылдың қорытындысы ретінде үлкен шара өтпекші.
Бүгінгі жаһандану заманында, технологияның қарыштап дамыған тұсында, кітап оқитын адамды кездестіру қиын. Соған қарамастан, баспа ісімен айналысатын мамандардың айтуынша, Бердібек Соқпақбаев шығармалары өте үлкен сұранысқа ие, мектеп бағдарламасына да енгізіліп, оқушыларға рухани тәрбие беруде. Сондықтан әкемнің шығармалары ешқашан өлмейді, өшпейді, заман тыныш болса, әлі талай зерттеліп, насихатталып, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік туындыларының қатарында мәңгі қала бермек.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА