Алматы қаласы мен Дінмұхамед Қонаев арасында біте-қайнасқан байланыс жатыр. Алматы қаласы сонау көне заманнан бері Алмату немесе Алмалы, Верный, Заилийский, Алма-ата деген атауларымен белгілі. Димекең Верный қаласында дүниеге келіп, Алматыдай туған қаласын өркендетуге зор үлес қосты. Бүгінде көрікті Алматы Қазақстан Республикасының маңызы зор қалаларының біріне айналып отыр.
Д.Қонаев ҚКОК бірінші хатшысы және КОКП ОК саяси бюросының мүшесі болған жылдары Алматы қаласында ең үлкен әсем ғимараттар бой көтеріп, олар әлі күнге дейін қала көркін ашып, халыққа қызмет етіп келеді. Сол кезде бой көтерген Алматы қаласындағы ірі және көз тартар ғимараттар, дүниежүзі бойынша ең биік Медеу мұз айдыны, «Қазақстан», «Отырар», «Алатау», «Жетісу», «Түркістан» қонақүйлері, Республика сарайы, Көктөбе, Неке сарайы, жапондық үлгідегі Оқушылар сарайы, Орталық цирк, Арасан моншасы, алғашқы әуежай, орталықтағы Көк базар, ҚазҰУ ғимараты, Орталық музей және Қапшағай қаласы (қазіргі Қонаев), Қапшағай су электр стансасы сияқты көптеген құрылыс нысанын айтуға болады.
Қазақстан қонақүйі осы уақытқа дейін Алматы қаласындағы ең биік ғимарат болып келгені белгілі. Оның салынуына көптеген адам қарсылық білдірген. Себебі 1887 және 1911 жылдары 9 балға дейінгі жер сілкінісі тіркеліп, көптеген адам шығыны орын алып, сол кезде ғимараттар қирап, Алматы қаласы сейсмологиялық қауіпті аймақ ретінде танылған. Десек те, Д.Қонаевтың шешімімен жер сілкінісіне төтеп беру мүмкіндіктерін қарастыру туралы сәулетшілермен ақылдаса отырып, нәтижесінде, 25 қабаттық ғимараттың түбіне үлкен шар орналастырып, ол жер сілкінген жағдайда әр бағытқа бір метрден жылжып, ғимараттың сақталуына мүмкіндік жасайтындай технологиямен тұрғызылды. Сондай-ақ 1921 жылы 8 шілдеде Алматының тау бөктерінде қатты жауған нөсерден сел жүргендігін бірі білсе, бірі біле бермейді. Сол нөсер 150 шақырымды қамтып, 3,5 млн текше метр балшықпен араласып, жол-жөнекей тас, ағаштарды түбімен қопарып, төмен қарай ағызып, жылдамдығы секундына 1000-1500 текше метрге дейін барды. Алматы қаласы үлкен шығынға ұшырап, үйлер мен зауыт-фабрикалар және ауылшаруашылық құрылыстары қирағандығы туралы «Сәулеттік шежірелер» (Әуезов Е., Чулакова Н., Алматы, 2010) атты кітапта жазылған.
Мұндай апаттардың алдын алу үшін арнайы жобалар жасалып, ескерту қызметтері ұйымдастырылды. Ұзақ зерттеуден кейін Медеу шатқалында 1966-1967 жылдары үлкен жарылыстар ұйымдастырып, қойма салдыру ісін де үлкен ерлікке балауға болады. Бұл жарылысты Д.Қонаев өзінің ең алғашқы еңбек жолының басталған жері, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кен орнында алған тәжірибиесі арқылы іске асырды. Нәтижесінде, тас бөгеттен 6,2 млн текше метр сел қоймасы 107 метр биіктікте жасалып, 1972 жылы пайдалануға берілді. Бірақ 1973 жылы тағы да қатты сел жүреді. Бұл туралы Д.Қонаев былай дейді: «1973 жылы шілденің 15-і мен 16-сы күндері Алатаудың ішкі қойнауынан дүниені күңірентіп, асау сел лап берді. Ол теңіз деңгейінен 3300 метр биіктікте жатқан Тұйықсу өзенінен құлаған екпіні қатты тасты судың көлемі 3,5-4 миллион текше метр еді. Бөгет оған міз бақпады. Сөйтіп, 1975-1980 жылдары сел қоймасына 12,6 млн текше метр үлкейту жұмысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта селді ұстап қалатын бөгет биіктігі – 144 метр, ернеуінің ұзындығы – 530 метр, табанының ені 800 метрді құрайды. Бұл бөгет 1973 жылғы болған селдің көлемінен үш есе артық тасқынын ұстай алады», – деп, ірі құрылыстардың бірі туралы «Ақиқаттан аттауға болмайды» (Алматы, 1994) атты кітабында келтірді.
Осы сияқты әр ғимараттың салынуының өз тарихы бар. Сәулеттік құрылысы ерекше ғимараттардың бірі Оқушылар сарайын тұрғызу Д.Қонаевтың Жапон еліне іссапармен барып келгенінен кейін туындайды. Ал Арасан моншасының 1979-1982 жылдары салынуы Өзбекстанға іссапарға барып келген соң іске асты. Біздің елде де халық тұтына алатын сауықтыру орталығы болуы керек деп, көлемін үлкен етіп тұрғызған бұл сәулет те бүгінде адам көп келетін игілікті орынға айналды. 1970-1980 жылдары «Көктөбе» аспалы жолы, «Медеу» мұз айдыны, ықшамаудандардағы пәтерлер, Жаңа алаң құрылысы, Абай атындағы опера және балет театры, Неке сарайы, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардагерлер құрметіне ашылған 28 гвардиялық панфиловшылар саябағы, «Мәңгілік алау», М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театры, Республика сарайы, Ескі алаң, Үкімет үйі, Алматы әуежай ғимараты, Достық даңғылы бойындағы бұрынғы саяси ағарту үйі сияқты ғимараттардың салынуы аспанмен теңескен тау бөктерінде орналасқан Алматыдай қаламызға зор көркемдік пен ерекшелік сыйлады.
Осы кезеңде мегаполиске айналған Алматы қаласында метроның салынуы да Д.Қонаевтың бастауымен орын алған. Алғаш Алматыға метро салу туралы орталыққа ұсыныс тастаған Д.Қонаевқа қала тұрғындары миллионға жетпейтіндіктен рұқсат берілмеген еді. 1980 жылы кеңестік Қазақстанның 60 жылдығын тойлағанда орталықтың Бас хатшысы «Еліңе не қалайсың?» дегенде Д.Ахметұлы метро салуды сұрап, оған рұқсат алып, 1982 жылы қол қойылғаны туралы журналистер сұхбатында айтылады. Қазіргі уақытта кептелістің негізгі легін шешіп отырған метро Алматының көлік қатынасын айтарлықтай ретке келтірді.
Бүгіндері Д. Қонаев тұсында салынған көрікті ғимараттардың біразы тарихи маңызы бар ескерткіш болып саналады. Тау бөктерлерінен төмен қарай ағып өтетін өзендер арнасының құрылысы да Д.Қонаевтың еңбегі, олар да қалаға айрықша сән беріп, су жағасында серуен құрып, демалып отыратын жағалауға айналды. Жасыл желекті Алматыны таза сақтау, көркеюін қамтамасыз етіп, қорғау әрбір азаматтың алдындағы үлкен міндет деп ұғынуымыз керек.
Құралай ҚОЖАХАНОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Алматы қалалық музейлер бірлестігі Дінмұхамед Қонаев музей-үйінің ғылыми қызметкері