Бір басында тектілік пен іскерлік сынды сан қасиет тоғысқан, қырық жылдан астам уақыт жасыл желекті қорғауға зор үлес қосқан ардақты азамат Тайбек Смайылов туралы сөз қозғасақ, артық етпес. Еңбек адамының өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге.
Тайбек Әшірұлы 1954 жылы 1 тамызда Кеген ауданы Жылысай ауылында дүниеге келген. Ол кісі мектепте оқып жүргенде-ақ болашақ мамандығын таңдап қойған екен. Жалаңаш қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Алматыдағы ауылшаруашылығы институтына оқуға түсті. 1976 жылы орман шаруашылығы инженері атанып, алғашқы еңбек жолын «Таушелек» орман шаруашылығы мекемесінде бастайды. Одан кейін «Құрметі» және «Қарабұлақ» шаруашылығында қызмет етеді.
Жас маман еңбексүйгіштігі мен батылдығының арқасында орман шебері дәрежесіне дейін көтеріледі. Білім-білігі мен тынбай жинаған тәжірибесі оның беделін арттырады. 1981 жылы отбасы жағдайына байланысты Талғар қаласына қоныс аударады. Сондағы ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру техникумына лаборант болып орналасқан. 1983 жылы Алматы қаласындағы «Пригородный» шаруашылығында жұмыс істейді. Бірақ Тайбек ағамыз қалада көп тұрақтамады. Сол жылы әкесінің ұзаққа созылған науқастан қайтыс болуына байланысты, Жалағаш ауылына көшіп келеді. Баяғы өзі еңбек жолын бастаған «Таушелек» орман шаруашылығында жұмысын жалғастырады. Мамандығы мен кәсібіне сәйкес тапсырылған қай істі болсын бар ынтасымен атқарады. Орман шаруашылығын дамытуға күш-жігерін жұмсайды. Өз ісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде Тайбек Әшірұлы «Таушелек» орман шаруашылығы директорлығына тағайындалады. Одан кейінгі жылдары «Жалаңаш» және «Екіаша» орман бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарады. 2010- 2017 жылдар аралығында зейнетке шыққанға дейін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінде орманшы болды. Туған жерінің табиғатын сүйіп өскен Тайбек ағамыз зейнетке шықса да, ізбасарларына ақыл-кеңес беруден жалықпайды.
Ол отбасында да өнегелі отағасы. Жұбайы Күләш Сәрсенова екеуі ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Бұлардан тараған немерелері – ата-апасының көз қуаныштары.
Алпыстың асқарына шығып, жетпістің желкенін көтерген Тайбек Әшірұлы туралы айтылар тағылымды әңгіме таусылмайды. Себебі елге табан ақы, маңдай терін аямаған еңбек адамы қашанда халқымен бірге жасай береді.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы