Әділжан Қасымханұлы – қасиетті Қарасаздың перзенті. Осы ауылдан шыққандардың осалы жоқ. Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыста жеңісті жеделдеткендер, ел экономикасын өркендетуге атсалысқандар, ұрпаққа өнегесін арнағандар, мәдениет қайраткерлері, сахна саңлақтары – осылай деп тізе беруге болады. Даңқы жер жарған қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали Мақатаев та осынау «айналайын, ақ мекеннің» тумасы. Жұлдызы жарқыраған бұл шоғырдың әсері қарасаздықтарды бейжай қалдырмайды.
Өзі өскен ортасының қасиеті Әділжанға да дарыған. Жаңалыққа жаны құштар. Мектептегі пәндік міндеттермен шектеліп қалмайды. Ауыл өміріне қатысты сан түрлі қоғамдық жұмыстарға аянбай араласады. Ағайындармен, әріптестерімен тез тіл табысады. Сондықтан шығар, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты жаңғыртқан, халықтық педагогикамен байланыстырған, оны ұрпақ тәрбиесіне жаратудың негізін қалаған бастамалары кезінде республика жұртын жалт қаратқан. Соны ізденістерді ғылыми тұрғыда екшеп, мектеп өміріне кеңінен ендіре білген ұстаздар шоғыры да осы жерде. Ауылдағы білім ошағының «Қарасаз» көпсалалы гимназия, кейіннен А.А. Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясы деген мәртебеге ие болуы – ұстаздардың ерен еңбектерімен келген жеңіс. Соның бәрін ұйымдастыруға мұрындық болып, ұжымын игіліктерге бастаған басшы кім десе, жерлестері бірауыздан Әділжан Қасымханұлын көрсетері хақ.
Өткенге көз салсақ, талай нәрсені аңғарамыз. Әділжан Қарасаздағы орта мектепті 1971 жылы үздік бағалармен бітірді. Соның ішінде математикаға ерекше ден қойды. Басқаға қиын көрінетін пән оған барлық құпияларын айқара ашатын. «Іздену түбі – інжу» екенін дарынды шәкірт бала кезінен байқады. Әсіресе Әбіләшім Әбдімәдиев сияқты есептің жілігін шағып, майын ішкен ұстазының берген дәрісі, сілтеген бағыты, ақыл-кеңесі адастырмайтын бағдаршам болды.
– Сол кез, сол күндер ерекше еді ғой, шіркін! Ойыннан бұрын оқуға көңіл бөлдік. Бар уақытымыз есеп шығарумен, түрлі теңдеулерді жарыса шешумен өтетін. Бір сыныптағы 19 оқушы түгелдей есепке үйір едік. Бір-бірімізден озуға тырыстық, бәсекелес болдық. Түрлі әдістермен шешкен есептеріміз дұрыс жауаптарымен ұстазымызды риза ететін, – дейді Әділжан Қасымханұлы балалық шақтың жадында қалған жайдары күндерін көзіне елестетіп.
Балалардың математикаға деген қызығушылығы текке кетпепті. Нәтижесінде араларынан педагогика ғылымының докторы, академик Ораз Сатыбалдиндей тұғырлы тұлға шыққан. Ұзақ жылдар Нарынқол, Райымбек аудандық білім бөлімін басқарған Нұрбатыр Орынбаев та осы саланың маманы еді. Бижамал, Нұршат сияқты сыныптастарының ұшқырлығы таңғалдыратын.
Ал өзі ше? Өзі мектепті бітірісімен, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика бөліміне құжаттарын тапсырып, емтиханнан ойдағыдай өтті. Үздік студент атанды. Қолына диплом алған соң Қарасазға жол тартқан. Өйткені арманы – асқақ, алдына қойған мақсаты – ұшан-теңіз. Өзі түлеп ұшқан мектепте математика ғылымына сусап отырған іні-қарындастары көп. Солардың ортасынан табылып, жоғары оқу орнынан алған білімін саналарына сіңіру, есепке жетілдіріп, қамшы салдырмайтын дәрежеге жеткізу. Ауыл балаларын жаңашылдықты талап ететін замана көшіне ілестіруді мұрат тұтты. Мектеп басшылары да, кешегі ұстаздары да өздерінің жолын қуған, біліммен жетік қаруланған шәкіртіне құшақтарын айқара ашты. Жас маман деп қарамай, пәндік жүктемелерін көбейтті. Комсомол ұйымының да тізгінін ұстатты. Ізденуге жаны құштар жалынды жас өзіне артылған сенімге селкеу түсірмей, бәрін абыроймен атқару үшін қызметке білек сыбана кірісті. Сол 1976 жылдың қоңыр күзі жарқын болашағына басталған үлкен жолдың сәтті кіріспесіне айналды.
Жастар жүрген жер жаңалыққа, думанға толы емес пе?! Математикадан сабағын өткізе жүріп, апта сайын әртүрлі тақырыпта танымдық-тәрбиелік кештер өткізді. Пікірсайыстар ұйымдастыру арқылы қатарластарының ортасында жақсы көзқарас қалыптастырды. Бұрындары кесте бойынша сабағын өткізе салып, үйіне тартып отыратын, қоғамдық жұмыстардан бойын аулақ салып, көзден таса жүруге үйреніп алғандар, енді Әділжанның өнегесі арқылы ширады. Аз уақыт ішінде мектептен шықпайтын дәрежеге жеткен екен. Математикадан білім беру сапасы артып, ауданда, облыста өтетін пәндік олимпиадаларға қатысушылар қатары еселеп өсіпті.
Қарасазға іргелес жатқан Шалкөде ауылындағы Киров орта мектебі сол тұстары аудандағы математика пәнін тереңдетіп оқытатын оқу орны болатын. Әділжан осы мектепке ауысқан үш-төрт жылдың ішінде қабілетін жан-жақты көрсетті. Шәкірттерінің талабын ұштап, жүректеріне жол таба білді. Еңбегі еленіп, аудандық білім бөлімінің бұйрығымен 1981 жылы осы мектепке оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Жаңа жұмысында жаңаша іс-әрекеттерімен көзге түсті. Әсіресе, математикасы тереңдетілген мектептің жетістігін одан әрі еселеуге зор үлесін қосты. Шалкөделіктер ол туралы әлі күнге дейін сүйіне әңгімелейді.
1985 жылы Қарасазға қайта ауысып, математика пәнін оқытумен қатар мектеп директорының өндіріс саласындағы орынбасары қызметін атқарады. Әділжан Нөкеев бұл жерде де көпшіліктің көңілінен шықты. Білім жетілдіруді ұдайы назарда ұстады. 1989 жылы Уфа, 1990 жылы Қазан, 1991 жылы Ленинградтағы арнайы курстарға қатысып, ресейлік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Ондағы ойға тоқығандарын Қарасазға әкелді. Математика саласы бойынша бірнеше ғылыми еңбектердің авторы атанды. Мәселен, 5-сыныпқа арнап «Қосымша математикаға арналған оқулық», «Оқушыларды олимпиадаға даярлау», «11-сыныптағы емтихан есептерін шешу жолдары», «Игі істер мен ізденістер» атты кітаптары жарық көрді. Қазір оны мұғалімдер көмекші құрал ретінде кеңінен пайдалануда. Сонымен қатар «ХХI ғасырдағы қазақ мектептерінің даму жолдары» атты кітапқа «Ауыл мектептеріндегі оқыту мен дамытудың жолдары», «Шығармашылық ізденіс, басқару» кітабына «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту» деген мақалалары енді. Олардың мазмұны өзектілігімен ерекшеленді.
1994 жылы А.А.Барманбекұлы атындағы мектепке директор болып тағайындалған Әділжан Нөкеев жетілген кадр атанды. Жұмыста қамшы салдырмады. 2020 жылға дейінгі аралықта жаңашылдығы мен ізденгіштігін молынан жүзеге асырды. Мектеп өмірін, білім жетілдіру ісін заман талабына сай кемелдендіре білді. Мектептің материалдық базасын нығайтты. Ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне көңіл бөлінді. «Контракт», «Озат оқыту», «Бақылау орталығы», «Мектепішілік тест», «Жыр керуені», «Ағылшын маршы», «Мұражай таныстырушылар тобы» секілді іс-шаралардың негізін қалап, білім мен тәрбиенің берік ұштасуына жол ашты. Нәтижесінде мұғалімдердің шығармашылық жарысы тұрақты қамтамасыз етілді. Жинақтаған тәжірибесін мектеп өміріне ендіре отырып, 1-сыныптан 3-сыныпқа, 2-сыныптан 4-сыныпқа аттап оқытуды жүзеге асырды. Оқушы білімін журналға қойылған бағалармен емес, бақылау жұмыстары мен тоқсан ішінде алынатын бір немесе екі тестілеу жүйесі арқылы анықтауға мүмкіндік жасалды.
Қарасазға барсаңыз көресіз, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа білмейтін бала жоқ. Кез келгенінен сұрасаңыз ақын жырларын шабыттана орындайды. Қаламгерге деген мұндай үрдіс білім ошағында тұрақты жолға қойылған. «Жыр керуені» үйірмесінің жемісі екені анық. Ағылшын тіліне деген сұранысты қамтамасыз етуі үшін «Ағылшын маршы» іс-шарасы қарастырылған. Ауылдағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейі – таулы өңірге келген әрбір жанның бас сұқпай өтпейтін қасиетті орны. Музей ішіндегі ақынға қатысты жәдігерлермен таныстыру мектеп оқушыларына міндеттелген.
Гимназияда бой көтерген игілікті істер аз емес. Халық педагогикасы үйлесімді түрде нәтижелерге қол жеткізді. Ұлттық тәрбиенің ғылыми негізде жасалған бағдарламасы облыс, республика көлемінде кеңінен қолдау тапты. Нәтижесінде, Жұмаш Өтеев атындағы халықтық педагогика мектебі өмірге келді. Халықтық педагогиканың жұмысы ары қарай жалғасып, ұлттық мектеп идеясына ұштасты.
Ұстаз еңбегі шәкіртінің білімі арқылы бағаланады. Бұл орайда ұстазының білімін бойларына сіңіріп, математика ғылымын жеткілікті меңгерген шәкірттері жетіп-артылады. Атын атап, түсін түстесек, таусыла қоймас. Дегенмен біразын жіпке тізіп көрейік. Мәселен, Бейбіткүл Каримовадай шәкірті республикадағы лауазымды қызметтің құлағын ұстап отырса, Ұлан Түңлікбаев – ҚР Ұлттық банктің қызметкері. Қайрат Аяшов – Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде математика пәнінің оқытушысы, Талғат Қазыбаев пен Алма Имашевадай шәкірттері – Алматы қаласындағы бір-бір мектептің басшылары. Нұрлан Түңлікбаевтай шәкірті – айтулы бизнесмен. Мұрат Жандос – 2015 жылы Кипр мемлекетінің Никосия қаласында өткен математикаға арналған халықаралық конкурстың жүлдегері. Ринат Шағанбаев ұстазының орнын басып, бүгінгі күні Қарасаздағы мектеп-гимназияға басшылық жасап отыр. Сондай-ақ бітіруші түлектердің білімін саралайтын «Алтын белгі» марапаты 2004 жылдан бастап жолға қойылды. 2005 жылы осы «Алтын белгіге» мектеп-гимназияның 8 оқушысы ие болыпты. Келесі кезеңдерде 3-4-тен «Алтын белгі», «Күміс белгі» иегерлері көш басынан көрінді. Осының өзі-ақ, білім сапасының жоғары болғанын көрсетеді. Аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадалардың жетістіктері ауданның білім деңгейіне үлкен үлес болып қосылғаны да шындық. Қалай мақтанса да көптік етпейтін мұндай жетістіктер Дариға Саламатова, Рысалды Мышырбаева, Бақыт Рахметова, Зейнегүл Қайыңбаева, Мұхаметжан Ахметов, Нұрбосын Әліпбаев, Дина Батырханова, Меруерт Мұқаметжанова, тағы басқа да ұстаздардың білім беру ісіндегі ізденісті еңбектері арқылы қаланғаны даусыз.
Сонымен қатар 2 мұғалім Ы.Алтынсарин медалінің иегері атанып, 10 мұғалім ҚР Халық ағарту ісінің үздігі белгісімен, 6 мұғалім ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталуы да Ә.Нөкеевтің басқару ісінің жемісі десек, қателеспейміз. Әділжан Қасымханұлын ұстаздар қауымы да, мекендестері мен дос-жарандары да мақтан тұтады. Ол кісіні бауырмалдық, сүйіспеншілік, адалдық, имандылық сияқты құндылықтарды бойына молынан сіңірген азамат деп таниды. Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру ісіндегі ұстазға тән қызметі заманауи стандарттың бәріне лайық. Ал досқа деген адалдығы өз алдына бір төбе. Оны ел-жұрт жан досы, құрдасы, ауданнан шыққан бірегей азамат, марқұм Нұрбатыр Орынбаевтың туған күніне орайластырып, жыл сайын математика пәнінен Нарынқол, Кеген ауданы мұғалімдері арасында өткізілетін олимпиада арқылы жақсы біледі. Жыл сайын Қарасаз ауылында республикалық «Мұқағали оқулары» өткізіліп келеді. Дәстүрге айналған айтулы шараның басты ұйымдастырушысы да, ақиық ақынның мерейтойларының жанашыры да Әділжан екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Бірақ шындығы солай.
Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз бүгінде құрметті еңбек демалысында. Сонда да зейнеткермін демейді, қоғамдық белсенділігін баяулатқан емес. Жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатқан Қарасаздай қасиетті мекеннің келбеті мен сән-салтанатына көңілі көпсіп, жүрегі қуанады. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, білгенін үйретуді, бағыт-бағдар беріп отыруды ақсақалдық борышы санайды. Райымбек ауданында бірнеше жыл аудандық қоғамдық кеңеске жетекшілік жасады. 70 жасқа толып отырған Әділжан Нөкеевтің Отаны мен халқына сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Өңірінде жарқыраған «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісі, «Шапағат» медалі, Райымбек ауданының Құрметті азаматы атағы, тағы басқа марапаттары – ел алғысының дәлеліндей. Ұстаздың ұлағатты жолы – бақыт жолы болсын деген тілекпен сөзімізге нүкте қоялық.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы