Өз ғұмырында екі рет Ұйғыр аудандық комитетінің бірінші хатшысы болған Кинтал Исламовты еске алу мақсатында шағын футболдан өткізілетін турнир биыл да жалғасын тапты. Аудан орталығы Шонжыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған жарысқа Алматы қаласынан, Алматы және Жетісу облысынан барлығы 8 команда қатысты.
Биылғы турнирге спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбанов арнайы келді. Шараның ашылуында сөз алғандар Кинтал Бақиұлы туралы жүрекжарды сөздерін айтып, оның азаматтығы мен адамгершілігін, еңбекқорлығы мен табандылығын әңгімеледі. Аудан әкімінің аппарат басшысы Ержан Айдарханов, ҚР Гимнастика федерациясының вице-президенті Махмут Ескендіров Кинтал Исламов өмірінің бүгінгі ұрпаққа өнеге екенін жеткізді. Сондай-ақ шарада Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Алим Кебиров, Социалистік Еңбек Ері Рахилям Сеитова, жеңіл атлетикадан Қазақ КСР-нің және Орталық Азияның чемпионы Армия Ушуровтар да болды. К. Исламовтың ұлы Кинтал Кинталұлы жиналғандарға алғыс айтып, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Курбановқа автокөлік тарту етті. Аудандық ұйғыр этномәдениет орталығының төрағасы Арлен Османов тұрғындар лебізін жеткізіп, Нариманның әкесі әрі жаттықтырушысы Хасанжан Курбановқа тұлпар мінгізіп, иығына шапан жапты.
Турнир қорытындысы бойынша, бірінші орынға Еңбекшіқазақ ауданынан келген «Байсейіт» командасы, екінші орынды Ұйғыр ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы иеленді. Ал үшінші орынға «Жаркент» командасы табан тіреді. Жеңімпаздарға Мақтау қағаздары мен сыйлықтар табысталды.
Өз тілшіміз
Ұйғыр ауданы