Балалар әдебиетінің алып бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына – 100 жыл. Қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушының мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Жыл басынан басталған мерекелік іс-шаралар легі туған ауылы Нарынқолда жалғасын тапты.
Қуанышқа жиналған қалың қауым тойдың бірінші күні салтанатты жиын өткізіп, «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты Алматы және Жетісу облыстары ақындарының республикалық топтық айтысын тамашалады. Алматы облыстық «АMANAT» партиясының қолдауымен Аспантау аясында жалғасын тапқан киелі өнердің айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қалың қауым үшін мәні зор болды. Алматылық Жақсылық Орынбасар, Айым Асылбекқызы, Айбын Жамали, Шынарбек Тұрсын, жетісулық Жалғас Садырұлы, Ұларбек Минатқан, Қазыбек Жеңісқан, Сырым Әуезхан сияқты осыған дейінгі талай сайыстарда шашасына шаң жұқтырмаған орақ ауыз, от тілді ақындар сахна төрінде қайым, қыз бен жігіт, түре, сүре айтыстары бойынша сөз сайысына түсті. Қаламгердің өмірі мен шындыққа шырай берген шығармаларын көркем ой, кестелі сөзбен өрнектеді. Қызыл тілдің тиегін ағытып, киелі өнердің даңқын аспандатты. Алматылық Тілеулес Құрманғалиев, Серік Сүйіндік, Ербақ Құрметжан, Мейірбек Әзімбаев, Жетісу облысынан келген Бейбіт Мұсаев, Жұмағазы Жайық, Ләззат Жанаманова, Самат Жанғазы сияқты дәстүрлі ән өнерін дәріптеушілер мен жыршы, термеші, күйшілер де өнерсүйер қауымның көңілін көкке өрлетті.
Айтысты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық еткен қазылар алқасы айтыс ақындары мен әнші-күйшілердің өнерлеріне әділқазылық етті. Айтыс, ән, терме, күйді ұлт әдебиеті алыбының рухымен орайластыра білген екі топтың өрнекті өнерді өрге жүздірудегі шеберліктері өнерсүйер қауымның тарапынан жоғары бағаланды.
Дегенмен ұлттық дәстүрді дәріптеудегі ақындар мен жыршы-күйшілердің жетістік-кемшіліктері қазылар назарынан тыс қалған жоқ. Таразы талқысына салынып, әділ сараланды. Қорытындысында жарыстың барлық шартын талапқа сай орындаған Алматы облысының командасы 1-орынды жеңіп алды. Ал жетісулықтар 2-орынды қанағат тұтты. Осы күні кешкісін аудан әкімдігі ғимаратының алаңында ұйымдастырылған өнер жұлдыздарының гала-концерті де құлақтан кіріп, бойды алды.
Мерейтойдың екінші күні Бердібек Соқпақбаев атындағы жастар саябағында жалғасты. Онда көпшілік саябақтың ортасында бой көтерген жазушы ескерткішінің ашылуына куә болды. Мерейтойға Астанадан арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының қызы Самал Соқпақбаева ескерткіштің лентасын қиды. Тұғырымен қосқанда бас-аяғы 5 метрге жуықтайтын еңселі ескерткіште суқағарын оң қолының қарына іліп, қаламгер: «Мен өлген жоқпын. Өздерің арқылы шығармашылық ғұмырымды мәңгіге жалғау үшін, мінеки, орталарыңа қайтып келдім», – деп күлімсіреп қарап тұрғандай.
Ескерткіштің ашылу салтанатында алғашқы сөзді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев алды.
– Құрметті қауым! Қадірлі ағайын! Биыл қабырғалы қаламгер, қазақ балалар әдебиетінің классигі, өздеріңіздің жерлестеріңіз Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Бүгін бәріміз осы мерейтойға орай ұйымдастырылған маңызды шараға жиналып отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жазушыға орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысып, Президенттің сәлемін жеткізу үшін орталарыңызға арнайы келдік, – деген Мәулен Сағатханұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын қалың қауымға оқып берді.
«Биыл туғанына 100 жыл толып отырған аса көрнекті қаламгер Бердібек Соқпақбаев қазақ балалар әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Жазушының «Менің атым Қожа» хикаяты оқырмандарымен қалай етене қауышса, осы аттас түсірілген кинофильм де қазақ киносы тарихында алғаш рет Канн фестиваліне қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңба қалдырды. Ардақты азаматтың есімін ұлықтап, еңбегін ел жадында жаңғырту – бәрімізге ортақ парыз. Осы орайда жазушының 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енгізілуі және туған жерінде сәулетті ескерткішінің бой көтеруі – әйгілі сөз зергеріне деген қадір-құрметтің белгісі. Қаламгердің өзіне ғана емес, оның кейіпкеріне де ескерткіш орнату өте сирек кездесетін оқиға. Астана төрінде тұрған Қожаның мүсіні Соқпақбаев шығармаларының ұлт руханиятында ерекше орын алатынын көрсетеді. Балалар әдебиетінің бәйтерегі атанған классик жазушының сөз өнеріне деген айрықша таланты мен талғамы – жас қаламгерлерге әрдайым үлгі-өнеге. Ал оның мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз. Төл әдебиетіміздің тұғырлы тұлғасына қойылған еңселі ескерткіш құтты болсын!» – делінген Президент хатында.
Мемлекет басшысының құттықтау хатын қалың қауымға оқып берген Сенат төрағасы өз тарапынан да жазушыға деген ықыласын жеткізді.
– Қазақ әдебиетінде шоқтығы биік қаламгерлер аз емес. Сол қатарда Бердібек Соқпақбаевтың тұлғасы мен шығармашылығы өзгелерден әрдайым дараланып тұратыны анық. Соқпақбаев – әдебиетімізді жаңа биікке көтерген тұлға. Ол көзінің тірісінде классик жазушы ретінде мойындалып, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» деген атаққа ие болды. Жазушы қай шығармасында да адалдық, шынайылық, әдептілік, қайырымдылық сияқты адам бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеді. Осы орайда жазушының есімін ұлықтау – баршамыз үшін маңызды міндет. Қаламгердің ғасырлық тойын атап өтудегі негізгі мақсат та – осы. Бүгін ашылып отырған еңселі ескерткіш те ұлы тұлғаның бейнесін мәңгілік етуге қызмет ететіні сөзсіз, – деген Сенат төрағасы қалың қауымға тілек-ниетке толы ықыласын арнады.
Келесі кезекте сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жазушы мерейтойына арналып облыс көлемінде жүзеге асырылған игі істерден хабардар етті. Алдағы мақсат-міндеттермен таныстырды. Көпшілікті мерейлі қуанышымен құттықтап, жақсылықтар тіледі. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов өз тілегін білдіре келе, алдағы уақытта сөз зергерінің мұрасын жалғастыру мақсатында әр ауылда балалар экспедициясын ұйымдастыру туралы ойын жеткізді. Шешімін күткен басқа да мәселелерді жұртшылықтың есіне салды. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесінің адами құндылықтарға толы қадір-қасиетін сөз етті. Сонымен қатар жазушы мүсінінің шығармашылық, рухани тұрғыда сомдалуына, халықтың көңілінен шығатындай тұрғыда жасалуына ізденісті еңбектерін арнаған Тимур Ермұханбетов пен Айдос Бүркітбаевтай ескерткіш авторларына шынайы алғыс сезімін жеткізді.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған мерейтой меймандары ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін саябаққа қарағай көшеттерін отырғызды.
Сапар аясында делегация Қарасаз ауылына арнайы атбасын бұрып, Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барды және өңірдің дарынды жастарын қолдауға арналған Өнер мектебінің ашылу рәсіміне қатысты. Мұнда да жас-жеткіншектерге ақжарма тілегін жеткізген Мәулен Сағатханұлы Райымбек ауданынан мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, бүгін мерейтойы дүркіреп өтіп жатқан жазушы Бердібек Соқпақбаев, ақын Еркін Ібітанов, айтыс ақыны Оразалы Досбосынов сынды біртуар тұлғалардың шыққанын айтты. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық өнерімізді жастарға үйрету мақсатында 250 орынды өнер мектебі ашылып жатқанын, онда балалар вокал, эстрада, дәстүрлі ән, бейнелеу өнері, қолөнер, зергерлік бағыттары бойынша қабілеттерін дамытатынын тілге тиек етті. Ғимаратты салуға бюджеттен 990 млн теңге қаражат бөлініп, өнерді шыңдауға қажетті барлық материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілгеніне де тоқтала келе, өнер мектебіне пианино аспабын сыйлады. Өз кезегінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы да мектеп ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, 15 домбыраны сыйға тартты.
Жазушы мерейтойының ресми бөлімі Сарыжаз ауылында жалғасты. Алғашқы болып сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Бердібек Соқпақбаевтың балалар әдебиетіндегі өзіндік орны мен дара жолына тоқталды.
Келесі кезекте облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз құттықтауын жеткізді.
– Бердібек Соқпақбаев – ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгер. Жазушының тамаша туындылары әлі де жас буынның кәдесіне жарап, өмірге деген құлшынысын арттырып, әділдік үшін күресуге үндеп келе жатыр. Қазақ руханиятына өшпес мұра қалдырған жерлесімізді әлем мойындап, мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Бұл – ең алдымен, жазушыға деген, тұтастай алғанда елімізге деген үлкен құрмет! Бүгінгі той – ұлт әдебиетінің тойы! Мемлекет басшысы төл әдебиетіміздің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз. Ұлт мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ұшан-теңіз еңбегін бағалау бұл бастамалармен ғана шектелмей, жазушының шығармашылығын насихаттау болашақта да жалғаса береді, – деді аймақ басшысы.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов те жүрекжарды лебізін ортаға салды.
– Бердібек Соқпақбаев жиырма шығарма қалдырды. Оның әрқайсысын классикалық шығарма деп айтуға болады. Өйткені ол кісі – совет үкіметі кезіндегі социалистік реализмге қарсы болған жалғыз жазушы. Ол өтірік парткомды, өтірік директорды, өтірік коммунистік партия мүшелерін мақтап ештеңе жазған жоқ. Ол: «Өзім туралы жазатын жалғыз жазушымын», – деп айтатын. Шынында да солай еді. Оның бойындағы осы бір керемет қасиет бәрімізге керек деп ойлаймын. Бүкіл жазушысы дәл осы Бердібек ағамыз сияқты дүниелер жазса, қазақтың шығармалары әлемге тарайтын еді. Бердібек ағамыздың шығармалары 70 елге аударылған. Неге олай десеңіз, себебі ол кісі тек қана шындықты айтты. Содан таяқ та жеді. Ташкентте болып жатқан Азия жазушыларының конференциясына телеграмма соққан жалғыз қазақ Бердібек Соқпақбаев еді. Содан ол қуғын да, сүргін де көрді. Көзінің тірісінде кеудесіне бір награда тақпаған адам, бірақ әділдік қашанда жеңеді. Біз ел болып, тәуелсіз болғаннан кейін өзіміздің ұлы жазушымызды ұлықтап жатырмыз.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан:
– Заманында Мақатаев дейтін бозбала, Соқпақбаев дейтін азамат осы жолмен болашаққа бет алып, Алматыға жол тартты. Кейін сол берісі қазақ әдебиетінің, арысы әлем әдебиетінің биігіне көтеріліп, өздерінің жұлдыздарын жақты. Сол екі тұлға бастаған соқпақ күні бүгінгі дейін жалғасып, кезең-кезеңімен Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Еркін Ібітанов, Айтақын Әбдіқал, Тұрлыбек Мәмесейітов сынды қаламгерлерді соңынан ертті. Бұл өлке әдебиетімізге небір тұлғаларды сыйлады. Бұл той бүгінде тәуелсіз қазақ әдебиетіне жанкешті еңбек етіп жатқан қауымының тойы деп есептеймін. «Өлгендер қайтып келмейді» деген ұғым қалдырған – Бердібек Соқпақбаев, алайда рух болып қайта оралды. Себебі Тянь-Шаньның бес Алатауын қолтығын аяңдай басып келіп, Нарынқолдың орталығында асқақтап, биіктен қарап тұр, – деген жүрекжарды лебізін ортаға салды.
Бұдан соң облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Ілияс Сүгіров қаламгердің есімін ел есінде жаңғыртуда өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген жазушының қызы Самал Соқпақбаеваны ортаға шақырып, автокөліктің кілті мен сертификатын табыс етті.
«Артында ұрпағы бардың өзі бар» деген даналық халқымызда бекер айтылмаса керек. Самал Бердібекқызы да жиналған қауымға үлкен ризашылығын білдірді.
– Әкемнің шығармашылық еңбегін ескеріп, жүз жылдығы аясында үлкен қолдау танытып жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Райымбек ауданының әкімі Берік Фатықұлына және осы тойды өткізуге атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін! Бұл мерейтойды өткізу ең бастысы біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыз үшін маңызды деп ойлаймын. Менің әкем қаншама шығармалар қалдырды, кітаптар жазды. Жастайынан білімге, кітапқа құштар болды, – деді ол.
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған іс-шара ары қарай белгілі өнер майталмандары мен облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев «Дариға-дәурен» әнімен даланы әуелетсе, ҚР еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек домбыра үнімен «Көңіл толқыны» күйін күмбірлетті. «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Құлансаз» би ансамблі, ҚР еңбек сіңірген әртістері Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер мен әнші Шаба Әденқұл халық әндерінен ән-шашу орындады.
Бұл күні ұлттық спорттық ойынға да орын берілді. Қыз-жігіттер алтыбақанда тербелсе, жиырмаға жуық балуан боз кілемде күш сынасты. Қазақ күресінен түйе балуандар арасында 1-орынды жеңіп алған Жамбыл облысынан келген Қырықбай Ғалымжанға «Лада Гранта» автокөлігі мен Бердібек Соқпақбаев атындағы титулдық белбеу тарту етілді. Абай облысының намысын қорғап, 2-орынды еншілеген Әділ Оразбаевқа түйе берілсе, 3-орынды иеленген облыс балуаны Мәди Еділбаевқа 500 мың теңге табысталды. Барлық жеңімпаз «Бердібек Соқпақбаев атындағы» медальдар мен кубоктарға ие болды.
Бәйге десе, ішкен асын жерге қоятын халқымыз құнан бәйге, топ бәйге, кіші және үлкен аламанның куәсі болды. Кіші аламан бәйгесінің қорытындысы бойынша 1-орын жеңіп алған кегендік «Аламан қара» атының иесі Сырым Сағынбесовке «Шевролет-Кобальт» автокөлігінің кілті табыс етілді. Екінші орын алған сарыжаздық «Баққұс» сәйгүлігінің иесі Марат Ерлікке 1500000 теңге, 3-орынды еншілеген «Томирис» тұлпарының иесі қайнарлық Сайранбек Ысқақовқа 1000000 теңге берілді.
Үлкен аламан бәйгеде Балқаш ауданынан келген «Асу» атты тұлпар оқ бойы озып шықты, ат иесі Сапарғали Сәтбаевқа «Haval» автокөлігінің кілті табысталды. Түркістан облысынан келген «Ботагөзге» 2-орын бұйырды. Ат иесі Нұрбол Айдарұлы мен шабандозы Асылжан Тоқтарбаевқа 1 500 000 теңге табысталса, «Айсуат» атты сәйгүліктің иесі, Алматы қаласынан келген Бақытбек Мыңбаев пен шабандозы Әділбек Мыңбай 3-орынды еншілеп, 1000000 теңгені місе тұтты.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен арнайы кубокты ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин, Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевтар табыс етті. Әйгілі атбегі Қонысбай ақсақал мен бәйгенің көрігін қыздырып, кеш тізгінін ұстаған айтыскер ақын Бақыт Жағыпарұлының иықтарына аудан басшысы Берік Фатықұлы шапан жауып, зор құрмет көрсетті.
Осылайша екі күнге созылған жазушының ұлан-асыр тойы Нарынқол мен Сарыжаздың алабында дүркіреп өтті. Қазақтың көрнекті жазушысының балалар әдебиетінде қалдырған мол мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, халық жадында асқақтай берері сөзсіз.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы