ҚР Парламенті Сенаты мопед жүргізушілерін жүргізуші куәлігін алуға міндеттейтін заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат Президентке қол қоюға жіберілді. Енді Мемлекет басшысының тұжырымдауынан соң барлық мопед жүргізушісі А1 қосымша санаттағы жүргізуші куәлігін алуға міндетті болмақ.
Атап көрсетерлік жайт, А және В санаттағы жүргізуші куәлігі барларға мопед жүргізу үшін қосымша санат алу міндеттелмейді. Аталған заңдағы маңызды жаңа өзгеріс – барлық маркадағы мопедтер мемлекеттік тіркеуге тұруға тиіс.
Қолданыстағы заң нормалары бойынша ең жоғары жылдамдық шегі сағатына 50 шақырымнан асатын мопедтер тіркелуі қажет болатын. Ал ендігі жерде барлық мопед тіркеуден өтуге тиіс әрі бұл норма заң жобасы жарияланғаннан кейінгі жарты жыл ішінде күшіне енеді.
Жолдағы заңбұзушылықтармен күресу үшін қосымша шаралар да енгізіліп отыр. Сөз болып отырған заң жобасында жол қозғалысына қатысты бірқатар өзгерту бар. Мысалы, алкогольді немесе есірткілік масаю күйінде көлік құралын басқарғаны үшін жазаланған, сондай-ақ ішкен-ішпегенін куәландырудан бас тартқан жүргізушілер ұсталған кездегі масаю күйіне сәйкес, жеті және сегіз жылға дейін жүргізуші құқығын ала алмайды. Сонымен қатар «орташа жылдамдық» деп аталатын соны ұғым енгізіледі. Мұндай жылдамдық сертификатталған, автоматтандырылған құралдар арқылы анықталатын болады. Сенатор Евгений Больгер мұндай өзгертудің жол-көлік апаттарының санын азайтуға бағытталғанын, себебі ауыр салдарларға соқтыратын апаттардың негізгі себептерінің бірі жылдамдықты арттыру болып отырғанын атап көрсетті.
Біз өз тарапымыздан бұл шаралардың жолдағы қауіпсіздікті жақсартып, жылдамдық режимін бұзушылардың санын азайтуға септігін тигізеді деп сенеміз.
Бейбіт МЕКЕЕВ