Қонаев қаласындағы №3 орта мектепте дәстүрлі «Жылдың үздік мұғалімі – 2024» облыстық байқауы өтті. Мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін талантты, ой-өрісі биік, парасатты, жаңашыл идеясы бар, ғылыми-әдістемелік шеберлігі қалыптасқан, педагогикалық мәдениеті жоғары, жан-жақты дамыған мұғалім мәртебесін көтеретін ерекше тұлғаны анықтау.
Аудандық іріктеу кезеңінен іркілмей өткен 17 үміткер қатысып, бақ сынаған байқауды облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл сайыс – мұғалімдердің кәсіби біліктіліктерін танытуы ғана емес, білім саласындағы үздік тәжірибе мен жаңашыл бастамаларды насихаттайтын маңызды шара. Сонымен қатар білім беру жүйесінің сапасын және мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Байқау жеңімпазына Мұғалімдер күніне орай өтетін салтанатты жиында автокөліктің кілті табысталады. 2-3 орын иегерлеріне қаржылай сыйлық беріледі. Сіздердің жаңашылдықтарыңыз білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді ілгерілетуге септігін тигізетініне сеніміміз кәміл, – деген басқарма басшысы әділқазылар алқасының бұра тартуына жол берілмей, сайыстың әділ бағалануы керегін қадап айтты.
Екі күнге созылған байқау 4 турдан тұрды. Алғашқы күні қатысушылар кесте бойынша белгіленген сыныпта оқу бағдарламасына сәйкес ашық сабақ өткізіп, оған өзіндік талдау жасады. «Білім берудегі трендтер» деп аталған екінші турдағы сынға түсуші педагогтер «TED» форматта өз тәжірибесіндегі жаңа трендтерді қолдануын таныстырды. Үшінші бөлімде мұғалімдер кезегімен келіп, әділқазылар алқасы тарапынан берілген сұраққа 3 минут ішінде жауап беріп, шығармашылық қабілетімен қатар шешендік өнерін де паш етті. Негізінен білім саласындағы жаңалықтар бойынша сұраққа жауап берушінің сөйлеу әрекетінің түріне байланысты сөздерді анық, дәл қолдана отырып баяндауы, ой өрбітуіне баға берілді. Соңғы кезеңде қатысушылар кәсіби қызметтегі жетістіктерін айқындайтын цифрлық портфолиосын қазылар алқасының назарына ұсынды. Байқаудың нәтижесін шығаруда оның ереже-талаптарының орындалуы басты назарға алынғанын атап өткен жөн.
Мәресіне жеткен байқауды қорытындылаған білім басқармасына қарасты әдістемелік орталық директоры Гүлжихан Иманхатова әр кезеңде қатысушылар тарапынан кеткен қателіктерді атап өтті. Одан кейін облыс бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ-ның директоры Қайсар Нұрлыбаев сынға түскен мұғалімдердің озық тұстары мен кемшіліктері жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Байқау қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен бірінші орынға ие болған Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы І. Жансүгіров атындағы №37 мектептің информатика пәні мұғалімі Айнұр Жабаева жылдың ең үздік мұғалімі атанып, 1-дәрежелі дипломмен марапатталды. Екінші орынды Райымбек аудандық Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Мұхаметқали Хасенов пен Қарғалыдағы №2 мамандандырылған лицейдің информатика пәні мұғалімі Альфия Смағұлова өзара бөлісті. Жүлделі үшінші орынды әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі Назерке Жұрымбетова, Ю. Гагарин атындағы №8 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Майра Байболатова, А. Мәлкеев атындағы Есік мамандандырылған дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дина Маманова иеленді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы