Елімізде АЭС салуға қатысты 6 қазанда өтетін Республикалық референдумға қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев Еңбекшіқазақ ауданына келді.
Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде өткен кездесуге Сенат депутатынан бөлек, аудандық мәслихаттың төрағасы Бекет Ахметов, облыстық мәслихат депутаттары – Қияс Ақберген, Болатжан Нұрбеков, «АMANAT» партиясының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының төрағасы Бағдат Рахимов, аудандық мәслихат депутаттары, қала, округ әкімдері мен бөлім басшылары, колледж ұжымы және жастар қатысты. Ел болашағы үшін қолға алынбақ бұл жобаның жай-жапсары ертеңгі күннің иесі – жастарға жан-жақты айтылып, сұрақтарына жауап берілді. «Халықтың электр энергиясына сұранысы күннен-күнге артып жатыр. Бұған қоса, өңірлерде өндіріс қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін де қуат көзі керек. Осы орайда басқа дамыған мемлекеттердегідей елімізде АЭС құрылысын бастау керектігі – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі», – деген Жанболат Әкебайұлы атом электр стансаларының салыну-салынбауы халықтың шешімімен референдумда анықталатынын айтты. Сонымен қатар бүгінде елімізде электр қуатын өндіретін жел, су, күн электр стансаларының жай-күйіне тоқталған депутат бізге келіп жатқан судың барлығы дерлік трансшекаралық өзендердің еншісінде екенін, соның салдарынан ГЭС жұмысының өнімділігі де сыртқы факторларға тәуелді болатынын жеткізді. Бұдан бөлек: «Жел электр стансаларының іске жарамай қалған желқалақтарын қайта пайдалану, яғни утилизация мәселесі – бүгінде шешімін таппаған сұрақтың бірі. Мұндай қиындықтар күн электр стансаларына да қатысты», – деп бұл мәселелерді де нақтылай кетті.
Есік қаласындағы кездесуден кейін АЭС салуды қолдау жөніндегі штаб жұмысы Шелек ауылында жалғасты. Шелек политехникалық колледжінде жиналған жұрт та атом электр стансасының жұмысы, оның қауіпсіздігі мен халыққа пайдасы жайында көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті жауап алды.
Бүгінде Қазақстанда энергия тапшылығы 3 пайызды құрайды. Бұл қажеттілік жылдан-жылға тек арта бермек. Сондықтан да ертеңгі күні қараңғыда қалмаудың қамын қазірден жасау қажеттігі түсінікті. АЭС салу да – осы талпыныстың бір көрінісі. Өйткені референдумда халық АЭС салуға еш қарсылық танытпай, оң жауабын берген күннің өзінде бұл жоба жұмысын бастап кетуі үшін кемі он жыл құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Демек, АЭС игілігі болашақ еншісінде болмақ.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы