Бүгінгі күні көненің көзін көрген қарттар қатары сиреп барады. Халқымыздың қазынасы атанған ақсақалдар мен самайларын әжім басқан ақ жаулықты әжелердің өмір жолдары өнегеден тұратынын тарих тарауларынан жақсы білеміз.
Осыдан екі жыл бұрын аудандық ардагерлер ұйымының алқалы жиынына қатысқаным бар. Сонда көпшілік алдында 80 жастың сеңгіріне шыққан Жібек жолы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы, ұзын бойлы, еңсесін әлі де тік ұстайтын, жүзінен мейірім шуағы төгілген Базаркелді Анисов қария мінберге көтеріліп, салмақты да сабырлы кейпімен сөз бастады.
– Біз соғыстан кейін туған ұрпақпыз. Бейбіт күннің берекесін арттыруға, ел дәулетін молайтуға білегімізді түріп тастап, белсене атсалыстық. Тоғысқан екі ғасырдың куәгерлеріміз. Тылдың сол кезеңдегі тынысы қандай болғанын білмейтіндер әлі баршылық, – деп сөзін әріден ширатты.
Ол кісінің ой-толғаммен қозғаған әңгімесі мәнділігімен, маңыздылығымен жұрт назарын бірден аударып әкетті. Расында да, соғыстан соң туған ұрпақтардың көтерер жүгі жеңіл-желпі болмағанын ешкім жоққа шығара алмайды. Буыны бекімей, қанаты қатаймай ат жалын ерте тартып мінген Базаркелдінің халық шаруашылығы жұмыстарын қалпына келтіру мақсатында аянып қалған жері жоқ. Небәрі 17 жастағы бота тірсек бозбаланың қазандай қайнап жатқан еңбектен қол үзбей, қомақты үлесін қосқанын оның қатарластары әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген қағида бекер айтылмаса керек.
Шындығында да, Базаркелді қарияның қолымен ұстап, көзімен көрген бейнеттері шаш-етектен. Ол кездегі ұжымшар мен кеңшардың жұмыстары таңның атысынан күннің батысына дейін саябыр тауып көрген емес. Осы бір еңбек додасының бел ортасында Базаркелді жүрді.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген тағылымы мол тәмсіл сөз қалай дәл тауып айтылған. Ес білген шағынан ата-анасының алдынан қия өтпеген Базаркелді үлкен кісілердің айтқан ақыл-кеңесін құлағына құйып отыруды басты ұстанымына айналдырды. Одан өмірінде жаңылып көрген жері жоқ. Қайта есейген сайын шыңдала түсті. Жаңа ғана Базаркелді Анисовтың әке-шешесін тілімізге тиек етіп өткен едік. Жарықтықтар, дүйім жұртқа белгілі адамдар болыпты. Мәселен, әкесі Кенжебек Қаратаев төрт түлік малды өсіруде алдына жан салмапты. Адал еңбегі оны абырой асқарына шығарып, атақ-даңқы да алысқа кетіпті. Қатарынан екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. Әкесінің бұл еңбегі – артында қалған асыл тұяғы үшін ауыз толтырып айтып жүретін үлкен мақтаныш.
Ал аяулы анасы Кәбен Қаратаева кеңшар жұмысының қара нары болған. Осындайда Мұқағали Мақатаевтың «Қырқыншы жылдар» деген өлеңіндегі мына бір шумақ ойға оралмай қоймайды:
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар,
от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты, – дегені тағдырмен тайталасып өткен жайсаң жандардың жарқын бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін әр жұмыстың басын шалған Базаркелді бұдан кейін мал шаруашылығында табанды түрде еңбек етуге белді бекем буады. Жылқышының құтты құрығын қолына алады. Тұяғы бүтін тұлпарларды өсіруде топ бастап, шаруашылықтың бетке ұстар майталманы атанады.
Өмірлік кәсібі осымен ғана шектеліп қалмайды. Жеті жылдан кейін сауда саласына қарай бет бұрады. Жұмысшылардың сауда кооперативінде 31 жыл табан аудармай еңбек етеді. Мұның 24 жылында малшыларға қызмет көрсететін көшпелі автодүкенді ұстайды. Кейіннен жоғарыда аталған сауда мекемесі бастығының орынбасары, одан соң бастығы да болады. Пайғамбарлық жасқа жетер шағында төрт жылдай Алматы облысы әкімшілігінің шаруашылық басқармасында қызмет атқарады. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып қарап жатпайды.
2016 жылдан бері Жібек жолы ауылдық округінің және ауыл жұртшылығының қолдауымен осы ауылдағы ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланады. Жауапкершілігі зор бұл жұмысты Базаркелді Анисов лайықты атқарып, жақсы істің жанашыры болып келеді. Халыққа сыйлы, абыройлы қария. Ол ауылға қатысты өзекті мәселелердің оң шешімін табуына айтарлықтай ықпалын тигізіп жүр.
Сексеннен асқан Базаркелді Анисовты аудан жұртшылығы баяғыдан Бажат ата деп атап кеткен. Бұл оған деген халықтың орынды құрметі сияқты. Адал еңбегінің арқасында арқалап жүрген марапаттары мен алғыстары да өзінше бір төбе. Сауда саласының үздік қызметкері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Төрт баласының тілеуін тілеп жүрген Базаркелді ағаның алдағы өмірден де күтері көп. Біз қадірлі қарияның сол армандарына аман-есен жетуіне тілеулеспіз.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист
Қарасай ауданы