Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында этномедиация саласындағы мамандардың тәжірибесін Ассамблеяның барлық құрылымдары жанында кеңейтуді тапсырды. Президенттің бұл тапсырмасы ұтымды өзгерістерге әкелді.
Атап айтқанда, барлық облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация кабинеттері этносаралық саладағы медиация орталықтарына айналды. Аймақтағы этносаралық қатынастар саласындағы медиацияны дамытуды жалпы үйлестіру Алматы облысында да қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы орайда Қонаев қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Этномедиация: этносаралық қатынастар саласындағы жанжалдарды реттеу» атты жиын өтті. Аймақ басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің жетекшілігімен өткен басқосудың мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдардың қызметі арқылы өңірдегі қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге байланысты мүдделі уәкілетті тұлғаларды жанжалдардың деңгейін төмендету және халық арасында толеранттылық пен этносаралық келісім мәдениетін тәрбиелеу мәселелерінде шоғырландыру.
Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов Ассамблеяның «Елдесу және татуласу» жобасы аясында баяндама жасады.
– Алматы облысы – көпэтносты аймақ. Облыста бір медиация кабинеті, 18 медиативтік алаң бар. Реестрда тіркелген 2 кәсіби, 9 қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Қазақстан халқы «Елдесу және татуласу» жобасы аясында 53 іс-шара ұйымдастырылып, 3500-ге жуық адам қамтылды. Медиаторлар жұмысының нәтижесінде аудан тұрғындары тарапынан келіп түскен арыздардың 12-сі сотқа дейін шешіліп, екі тарап бір-бірімен келісімге келді. Этнос өкілдерінің ең көп шоғырланған Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарында этномедиация бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. Шалғай ауылдық округтерде кездесулер, дөңгелек үстелдер, ашық дәрістер, Ашық есік күндері, медиацияның заңнамаларын түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар кеңестері тұрғындар арасында ел бірлігін сақтауға ықпал етуде. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының этномедиация орталығының ұйымдастыруымен Қонаев қаласында бескүндік семинар-тренинг өткізілді, – деді басқарма басшысы.
Келесі кезекте Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева сөз алып, отбасының ғана емес, қоғамның ұйытқысы мен татулықтың символы болып отырған аналар кеңесінің этномедиация саласында ерекше рөл атқарып келе жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған облыстық ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Беспаев, облыстық «Элефтерия» грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Наталья Тифанциди, облыстық «Сафар» тәжік этномәдени орталығының төрағасы Карахон Солихов, «Орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастықтары» облыстық филиалының төрағасы Лариса Котельникова этномедиация саласын дамыту жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Марат Елеусізұлы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтау бағытында ҚХА-ның құрылымдық бөлімшелерінің үлкен жұмыс атқарып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын толық қолдай отырып, ортақ күш-жігермен мемлекетімізді гүлденген елге айналдыру жолында жұмыс істеу керегін айтты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ