Көрнекті балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев өзінің туып-өскен жерін ешқашан ұмытпаған. 1960-1980 жылдар аралығында Шалкөде жайлауында бала-шағасымен демалса, өзі оқыған Сарыбастау ауылындағы мектеп оқушыларымен де кездесіпті. Жазушымен жүздескен сол бір сәттің фотосын Жеңіс Нүсіпбекова апай әлі күнге дейін сақтап жүр.
«Иә, бұл сурет – мен үшін қымбат. Ол жылдары Сарыбастау ауылы Ленин атындығы ұжымшар деп аталған. 1961 жылы мектепке жазушы Бердібек Соқпақбаев пен ақын Қадыр Мырза Әлі келді. Қаламгер қатысқан кеш өте әсерлі болды. Кездесу соңында суретке түстік. Оны қонақтармен бірге келген фотограф бәрімізге шығарып берді. Біз ол кезде 10-сынып оқушысы едік. Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын сүйіп оқыдық. Бүгінгі жас ұрпақ та сондай. Сарғайған фотоны көрген немере, шөберелерім «Әже, бұл тарихи сурет қой. Қазақтың ұлы қаламгерімен бірге түскен сәт қандай керемет!» деп тамсанады дейді», – Жеңіс апай.
Жексен Алпартегі,
журналист