Халықтың ұлт екенін айыратын үш негізгі арнасы бар: тіл өнері, қолөнер және саз өнері. Сол үш өнерді де бойларына сіңіріп, кейінгі ұрпаққа өнегелеп жүрген Жамбыл ауданындағы «Ақ әжелер» халық ансамблінің еңбегі ерен. Ел алдында өнер көрсетіп жүргеніне 40 жылға жуықтады.
Әжелер ансамблі жастарға халықтық салт-дәстүрлерді үйретіп, ұлт мәдениетінің нәрінен сусындауға, озық дәстүрлер мен салт-сананы, тәлім-тәрбие тағылымдарын бойларына сіңіруге үндейді. Болмашы нәрсені сылтауратқан жастардың ажырасуына жол бермеу, елдің сыйластығы мен әр әулеттің жарасымды өмір сүруі – олардың үнемі назарында. Қыз баланы еңбекке ертерек араластырып, болашақ отбасының тұтқасы болуға даярлау міндеті де әжелерде екенін түсіндіреді. Кесте тігу, құрақ құрау, киіз басу, сырмақ сыру, арқан есу, кілем тоқу, көрпе көктеу, қымыз-шұбат ашыту, нан илеп, талқан түю және тағы басқа өнерді де жас ұрпаққа үйретіп жүр. Атап айтсақ, қолөнер шеберлері Ақылай Күмісбекова, Фая Баймұрзаева, Гүлсім Каренеева, Үміт Тайжанова, Зада Жұманқызы, Озипа Керімқұлова, Шырын Шерімбетова – он саусағынан өнер тамған әжелер.
Қыздарымыздың үкідей үлпілдеп, ізетті де инабатты, көрікті де ақылды болып өсуі әжелер тәрбиесіне байланысты екенін оқу ісінің үздіктері Сарагүл Машақова, Сәуле Рашимқожаева, Шайымхан Исаева, Шекер Сәрсенбиева, Қайыпжамал Күреңкиева, Тоташ Дәулетова, Асылхан Мұхаметжанова, Алтынай Лесбекова, Тұрсынхан Үмбеталиева, Асылхан Нүсіпбаева, Гүлжан Естібаевалар жүрген жерінде өнегелеуден жалықпайды.
Биыл халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толып отыр. Кіндік қаны Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылында тамған. Ол кісі әнші, сазгер, ақын ғана емес қоғам қайраткері де. Атамыз Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Қордай ауданында ревком төрағасы болған. Ораз Жандосовпен жиі кездесіп тұрған. Кейін Іле ауданына Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің тапсырмасымен жолдама арқылы ауысады. Кенен атаның айтыстары мен өлеңдері ел ішіне кеңінен тараған.
Жамбыл облысының Қордай ауданына арнайы барған «Ақ әжелер» ансамблі Кенен Әзірбаевтың «Туған жер», «Келінжан», «Жастық шақ», «Жетпіс бес», «Қымыз құйғыш», «Бозторғай» әндерін нақышына келтіре орындап, халықтың қошеметіне бөленіп қайтты. Бишілер Шырын Шерімбетова мен Сәуле Ташимқожаева көпшілікті өнерімен таң қалдырды. Жастары жетпістен асқан әжелер мың бұрала биледі.
Биыл қыркүйек айының 21 жұлдызында ІІІ республикалық «Абысын-ажын» байқауы өткен болатын. Алматы қаласының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұйымдастырылған шараға еліміздің барлық облысы түгел қатысты. Мақсаты – қазақ халқының ұлттық бірегейлікті сақтау жолында дәстүр мен ғұрпымызды, ұлттық киіміміз бен тілімізді жүйелі жаңғыртып, дұрыс тәрбие беру, аға буын мен жас буынның дәстүр үндестігін көрсету. Аталған байқауда облыстың намысын қорғаған «Ақ әжелер» ансамблі бас жүлдені иеленді. Ансамбльге демеушілік жасап, қолдау көрсеткен Жамбыл ауданы әкімдігіне әжелер атынан алғыс айтамыз.
Күміс Пармашқызы,
ҚР Мәдениет қайраткері
Жамбыл ауданының
Құрметті азаматы