Жамбыл ауданы Самсы ауылында тұратын зейнеткер Мұхтар Шынтеміров қоғамдық өмірде белсенділігімен өңірге танымал. Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде үнемі игі істердің ортасынан табылады. Сонымен қатар бағбандық кәсіппен де айналысып, көпке үлгі көрсетіп келеді.
Аузы дуалы ақсақал Мұхтар Найманханұлының жасы 75-те. Ауыл шетінде өз қолымен отырғызған алмабақты қалай күтіп, баптайтынына куә болдық. «Жасым келді, болдым-толдым» деу ол кісінің табиғатында жоқ. Қазір алманың пісіп-жетілген шағы, өзі бас болып, өнім жинау қарбаласымен жүр. Жаны жайсаң, қолы ашық ағамыз жемісін туған-туыстарымен, ауылдастарымен, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестерімен де бөліседі.
Өткен ғасырдың екінші жартысында көп ауылда жайқалған алмабақ болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Бірақ сол кездері Үңгіртас ауылының бір бөлімшесі саналған Самсыға ондай бақ бұйырмапты. Тоқсаныншы жылдардың басында Самсы ауылы Үңгіртастан өз алдына әкімшілік-аумақтық жағынан ірге ажыратады. Осыған байланысты Үңгіртастағы шаруасы шатқаяқтаған «Қастек» қой кеңшарында жұмыс істеген тұрғындар «Самсы» кооперативіне бірігеді.
Жаңадан құрылған кооперативті басқаруға келген Мұхтар Шынтеміров 1996 жылы ауылда алмабақ егуді ұйымдастырады. Таңдаулы сорттардың көшеттері 4 гектар жерге отырғызылады. Алайда қызмет бабымен басқа жаққа кетіп, араға жылдар салып қайта келгенде ағашы оталып, қоршауы сөгілген күтімсіз бақтың кейпін көріп қынжылады. Оны қайтадан қалпына келтіруді ойластырады. Самсыда он жыл ауыл әкімі қызметін атқарған кезінде жерлестерін бақ егуге үнемі үгіттеумен болады. Өзі алғашқы талын тіккен сол төрт гектарды ақыры өзі қайта қолға алады. «Ғалым» жеке шаруа қожалығын құрып, жаңадан көшет егеді.
Осылайша Мұхаңның бағында екі мың түп ағаш жапырақ жайқалтты. Бақты өзі балаша мәпелеп, күтеді. Жылына үш рет дәрілеу, үш рет қандыра суғару, тыңайтқыш сіңіру, көктемде бұтап, діңін әктеу сияқты қажетті шараларды ерінбей, жалықпай атқарып келеді. Бұл істе өзімен қоса екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Нәтижесінде алмасы дәмді, шырынды. Мол өнім салғанда кейбір ағаштың бұтағы, тіпті жемісінің салмағын көтере алмай сынып кетеді екен. Анау жылдары жас бақтың әр түбі орта есеппен жүз келі алма беретін.
Алмаға биыл ағайын-туыс, дос-жаранға дейін қарық болған. Сұрап келген қаншама ауылдас дәмі тіл үйірер өнімді ақысыз алып, алғысын жаудырады. Ауылдағы балабақша да алады. Піскен өнімді жинатып, қорапқа салып, реті келсе өткізеді, әйтпесе қысқы сақтауға қойылады. Ақсақал ауылдастарын әлі де бақ егуге үгіттейді. Көпшілік ортада жастарға аталық сөзін арнайды. Түрлі шаруашылықта, мемлекеттік қызметте 42 жыл абыроймен еңбек еткен бай тәжірибесін осылайша ісімен де, сөзімен де ел қажетіне жаратып жүр. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, ауданның Құрметті азаматы атағымен, облыстың «Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталған.
Мұхаңның зайыбы Жұмакүл Қасымбекова да бұл істің нағыз маманы десе болады. Ардагер-ұстаз 40 жыл мектепте биология пәнінен сабақ берген. Сондықтан жоғары білімді жандар бағбандықты ғылымға, саладағы соңғы жаңашылдыққа сүйене отырып жүргізеді. Жарасымды жұп екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған. Балаларының барлығы қалада тұрады, жоғары білімді, әрқайсысының өз қызметі бар. Олардан он алты немере сүйіп отыр. Демалыс күндері бала-шаға қара шаңырақта бас қосып, ата-аналарының үйін мәре-сәре қылады. Кішкентайлардың алма бақта асыр салып ойнағанына үлкендер жағы мәз. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Самсы ауылы,
Жамбыл ауданы