Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстанда АЭС салу мәселесін халық таңдауына ұсынып, 6 қазанда Бүкілхалықтық референдум өткізу туралы айтқан болатын. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат екені белгілі. Сол себепті халықтық штабтар құрылып, еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Осы мақсатта ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанболат Жөргенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Максим Рожин, Данияр Қасқарауов және облыстық мәслихат депутаты Қияс Алдаберген Ұйғыр ауданына арнайы келді.
Халық қалаулылары ең әуелі аудандық орталық аурухананың мәжіліс залында ақ халатты абзал жандармен кездесті. Жиынды ашқан «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Болатұлы АЭС салу мәселесі энергия тапшылығының алдын алып қана қоймай, экономикамыздың ілгерілеуіне жасалатын қадам екенін айтып, алғашқы сөзді Жанболат Әкебайұлына ұсынды.
Жанболат Әкебайұлы әлемдегі дамыған елдер бүгінде энергия тапшылығын атом энергетикасы арқылы ғана шешіп отырғанын, дүниежүзінде 435 АЭС жұмыс істеп тұрғанын, тіпті көрші Ресейде 36, Қытайда 54 дәл осындай станса бар екенін сөз етіп, нақты дерек-дәйектерді ұсынды. Атом электр стансасы дегенде елдің көкейінде екі түрлі қорқыныш бар екенін де жасырмады. Оның біріншісі – қауіпсіздік мәселесі болса, екіншісі – кадр жайы. Қауіпсіздік мәселесіне келгенде елдің жүрегінде қалған Чернобыль оқиғасы мен Фукусимо-1 АЭС апаты еске оралады. «Осындай қайғылы оқиға қайталанбайды ма?» деген заңды сұрақ туындары да анық. Бірақ қазіргі кезде МАГАТЭ халықаралық атом энергиясы агенттігі дүниежүзіндегі атом электр стансаларының қауіпсіздігіне қатаң қадағалау жасайтынын, қазіргі кезде 3+ стандарты бойынша салынатын стансаларда басты назар қауіпсіздікке аударылатынын жіті түсіндірді. Ал кадр мәселесінде де алаңдайтын ештеңе жоқ. Қазірдің өзінде елімізде атом саласын меңгерген мамандар баршылық. Сонымен қатар еліміздің бірнеше жоғары оқу орындары алдағы жылдары атом саласы мамандарын даярлауды қолға алуда. Тіпті шетелде тәжірибе жинақтаған мамандар саны да аз емес. Сондықтан біз маман тапшылығын көре қоймаймыз. Осындай мәселелерді жік-жігімен айтқан Жанболат Жөргенбаев халық таңдауы маңызды екенін атап өтіп, дәрігерлер қауымын 6 қазанда өтетін референдумға келіп, өз таңдауларын жасауға шақырды.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бұл мәселе бұған дейін Парламент қабырғасында сан мәрте талданып, таразыланып, ғалымдар мен мамандарға түрлі халықтың көкейінде жүрген сауалдар жолданып, талас-тартыстың болғанын да жасырмады. Бірақ еліміздегі су қорының аздығы, жылу электр стансалары арқылы экологияның ластануы, күн санап елімізде энергия тапшылығының сезіле бастауы, тіпті мамандардың болжауынша, 2030-2035 жылдары Қазақстанда энергия тапшылығы қатты білінетінін айта келе, осы ретте батыл қадам жасау қажеттігін жеткізді.
Депутат Максим Рожин АЭС-ке энергия тапшылығы жағынан ғана емес, экономикалық даму тұрғысынан да қарау керектігін, таза энергиямен өндіріс орындарын ашып, алпауыт елдермен сауда-саттық байланыс орнату еліміз үшін маңызды қадам екенін баса айтты.
Жиналғандар тарапынан Балқаш көліне келіп-кетер зиян мен АЭС қауіпсіздігі турасында сауалдар қойылды. Халық қалаулылары әр сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, халықтың көкейіндегі күмәнді сейілткендей болды.
Абай атындағы орта мектепте өткен дәл осындай жиынға аудан орталығындағы мекеме қызметкерлері мен тұрғындар қатысты. Мұнда да еліміз уран өндірісі бойынша алдыңғы орында тұрғанын, дүниежүзіндегі уран қорының 14 пайызы қазақ жерінде жатқанын, сондай-ақ ел дүрлігіп отырған Семей полигонының мақсаты мүлдем басқа болғанын, ал АЭС дәл ондай қорқыныш ұялатуға себеп еместігін халық қалаулылары тұрғындарға түсіндірді.
Қос жиынды да Ұйғыр аудандық мәслихат хатшысы Нұрәкім Есжан қорытындылады. Ауданда да дәл осындай штаб құрылып, ауылдарда түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатқанынан хабар беріп, алдағы референдумға толықтай қатысуға шақырды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы