Талғар аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындармен жыл сайынғы дәстүрлі кездесуі өтті. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөз аудан әкімі Таңат Айдарбековке берілді.
Өңір басшысы аудан экономикасы мен әлеуметтік салада өткен 8 ай ішінде атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, аудан экономикасы тұрақты даму үстінде. Халықтың табысын арттыру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде орташа айлық көлемі 8,0 пайызға өсіп, 301,8 мың теңгені құраған. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер көлемі 131,1 млрд теңгеге жетіп, жоспар 127,3 пайызға орындалған.
Аудан экономикасының негізгі саласының бірі – агроөнеркәсіп. Биыл 19420 га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, көкөніс, картоп, масақты дәнді және бақша дақылдарынан 44,3 мың тонна өнім алынған, 21,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сүт өндіру 25,5 мың тоннаға жетіп, өсім 14,3 пайыз болса, 18,2 млн дана жұмыртқа өндіріліп, мұндағы өсім 11,3 пайызды құраған. Бұған мал және құс басын асылдандыруды арттыру арқылы «Байсерке Агро» ЖШС, «Алматы» АШӨК, «Алель Агро» АҚ ауылшаруашылық кәсіпорындары елеулі үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Ауданда құс, балық, ірі қара, қой, жылқы және жылыжайда көкөніс өсіретін 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 18 жоба қаржыландырылып, 21 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. 100 жоба қаржыландыруды күтіп тұрса, тағы 30 жобаның құжаттары рәсімделіп жатыр.
Экономиканың негізін құрайтын салалардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік десек, қазір ауданда 21980 кәсіпкерлік нысаны бар, онда 39767 адам жұмыс істейді. Мұнда 8 айда 256,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 6 ай ішінде бюджетке 20,0 млрд теңге салық түскен. 34 шағын және орта бизнес нысаны ашылып, 160 жаңа жұмыс орны құрылған.
Өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі де арта түскен. Жаңадан 3 кәсіпорын ашылып, 61 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ «Қайрат» индустриялық аймағында 4 жоба іске асырылуда. Жалпы, биылғы 8 айда инвестиция көлемі 57 пайызға артып, 89,2 млрд теңгеге жеткен.
Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де рет-ретімен шешіліп келеді. Қазірге дейін 46 елді мекеннің 45-і орталықтандырылған су жүйесіне қосылған, қамту деңгейі 98 пайызды құрап отыр. Биыл Талғар топтық су құбырына 2-ші және 5-ші кешенді қосу жұмыстарының аясында 75 шақырым су желілері салынып, 9 ауылда 15 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Тұрғын үй салу, оларды орталықтандырылған жылумен қамту да өте маңызды. Бүгінгі күні Талғар қаласында 72 пәтерлі 3 үйдің құрылысы 98 пайызға аяқталған, оларды пайдалануға тапсыру қазан айына жоспарланып отыр. Екі үйдің құрылысы бойынша мердігер ұйыммен сот талқылаулары жүргізілуде. Халықтың әлеуметтік осал топтарына 193 тұрғын үй сатып алу көзделген. Қазір ауданда 252 көпқабатты үй бар, оның 138-і орталықтандырылған жылумен қамтылған, 114 тұрғын үйді жылумен жабдықтау мақсатында 68 көпқабатты тұрғын үйге 19 блокты-модульді қазандық орнату бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Аудан әкімінің есебінен ең есте қалғаны – биыл жыл басынан бері «Еңбек нарығын дамытудың тұжырымдамасы» шеңберінде 5520 жұмыс орны құрылған, бұл айтарлықтай көрсеткіш. Сондай-ақ 105 азамат техникалық және кәсіптік білім алуға жолданған, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты аясында 37 үміткерге жеке ісін ашуға мемлекеттік грант берілген. Әлеуметтік жұмыс орындарына 88 адам жіберілсе, қоғамдық жұмысқа 983 тұрғын тартылған. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 120 түлек, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы негізінде 98 жас жұмыспен қамтылған. Бұл Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмасының орындалып жатқанын көрсетеді.
Таңат Айдарбеков ауданда 89 проблемалық жайтты шешу мақсатында жол картасы әзірленгенін, соның аясында 20 мәселе шешіліп, 8-і жыл соңына дейін шешімін табатынын, қалған 61-і 2025-2026 жылдарда орындалатынын айтты. Сондай-ақ өткен жылы облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілген 23 мәсленің 10-ы шешілгенін, қалған 13-інің жыл соңына дейін түйіні тарқатылатынын жеткізді.
Есепті жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, алғашқы кезекте аймақтың даму барысын баяндады. Одан соң Талғар ауданының басшылығы баса назар аударып, атқаруы тиіс бірқатар міндетті атап көрсетті. Бұл ретте аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын әртараптандыру мәселесіне жіті қарап, тиімді дақылдардың алқаптарын төмендетуге жол бермеуі тиістігін айтты. Ауыл шаруашылығында биылға жоспарланған 5 пайыз өсімге жету үшін, дақылдарды жинау жұмысының барысын қатаң қадағалап, жоспарланған көлем толықтай қамтамасыз етілуі қажеттігін жеткізді. Аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 64,5 пайызы жаңартуды талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техника паркін жаңарту көрсеткіші қазіргі 4,4 пайыздан 9,5 пайызға дейін арттырылуы тиіс.
Марат Елеусізұлы суармалы егістікті дамыту, суару желілерін қайта жаңғырту мәселелеріне де тоқталды. Облыс бойынша су үнемдеу технологиялары барлық суармалы жердің тек 14,2 пайыз аумағында ғана қолданылса, Талғар ауданында бұл көрсеткіш 18,5 пайызды құрайтынын алға тартты.
– Бүгінде суару жүйелеріндегі су шығынының 40-50 пайызға дейін жететінін ескерсек, болашақта суармалы жердің барлығын су үнемдеу технологиясына көшіруіміз қажет. Облыс бойынша 347,2 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері анықталып, оның 74,7 мыңы қайтарылды. Талғар ауданында 43,7 мың га жердің 1,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтты. Қоғамдық жайылымдар үшін 7240 мың гектар жер берілді. Аталған жерлер 2021-2023 жылдары бекітілген. Биыл жайылымға қосымша жер телімдерін бекіту жұмыстары жүргізілмеген. Якорлық кооперацияны дамыту – негізгі мақсаттардың бірі. Ендігі кезекте, ауыл шаруашылығы саласында шикізаттық бағыттан өнімдерді тереңдете өңдеуге көшуіміз қажет. Сондықтан, қайта өңдеу өндірістерін ашуға инвесторлар тарту – маңызды міндет, – деді Марат Елеусізұлы.
Ол сондай-ақ Алматы облысы еліміздегі маңызды туристік өлкелердің бірі екенін, Талғар ауданы жоғары туристік әлеуетке ие және Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «ТОП-10» басым аумақтарының тізіміне енгізілген Алматы тау кластеріне кіретінін айтты. Аудандағы 36 нысанға келушілер саны биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға, қызмет көрсету 7,9 пайызға артқан.
– Алдымызда тұрған маңызды мәселе – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Биыл 902 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, бүгінде оның 75,5 пайызы немесе 680,6 мың шаршы метрі қолданысқа берілді. Бұл тұрғыда еліміздің 20 өңірі арасында 3-орыннан көрінудеміз. Ал, Талғар ауданында 208,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 20,7 млрд теңгеге 1304 пәтерді сатып алу жоспарланып отыр. Нәтижесінде биыл барлығы 2 922 баспана кілті тапсырылады. Бүгінде облыс бойынша 195 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, – деді аймақ басшысы.
Марат Сұлтанғазиев облыс пен ауданның білім, медицина, қоғамдық көлік, ауыз су, табиғи газбен қамту, жол құрылысы және басқа салаларында атқарылып жатқан, алда атқарылуы тиіс міндеттерге мейлінше толық тоқталды. Әсіресе мектеп, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы басымдыққа ие екенін атап өтті. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Жалпы, облыс әкімінің Талғар ауданының тұрғындарымен есепті кездесуі еркін, ашық және өзара түсіністік жағдайында өтті. Баяндамалардан соң тұрғындардың тілек-өтініштері тыңдалып, қойылған сұрақтарға аймақ, аудан басшылары мен тиісті мемлекеттік ұйымдардың өкілдері нақты жауап беріп, олардың қашан, қалай орындалатыны айтылды. Ең бастысы, тұрғындар тек жеке мәселелерді алға тартпай, жалпыға ортақ түйткілдердің түйінін тарқатуды өтінді. Бірнеше тұрғын тіпті Бесағаш ауылдық әкімдігі аядай ғимаратта отырғанын айтып, әкімдікке кеңсе салып беруді өтінді. Мұны жергілікті биліктің абырой-беделімен байланыстырды. Аудан, облыс басшылығының атқарып жатқан қызметін беталды сынай бермей, алғыс білдіргендер, жетістіктердің бәрі ел игілігі үшін екенін атап айтқандар да аз болмады. Мұның өзі халықтың сана-сезімі мен саяси белсенділігі, билікке деген сенімінің артып келе жатқанын білдіреді.
Аймақ басшысы тұрғындармен кездесуден соң Кеңдала ауылындағы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгелі тұрған, 120 пәтерге жылу беретін блокты-модульдік қазандық пен селден қорғау бөгетінен №2 алаңға дейін жүргізіліп жатқан магистральді су құбырының құрылысын барып көрді. Одан соң, өңделген азық-түлік өнімдері үшін әртүрлі қағаз ыдыстар даярлайтын «Интелликап» ЖШС, шалафабрикаттар және оларды дайындау үшін қажет инновациялық құрал-жабдықтар шығаратын «Baron Food» ЖШС, «Ақ жол-М» оңалту орталығында болып, олардың жұмысымен танысты.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы