Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Г. Өтегенова департаментте 2024 жылдың 6 айында жүргізілген жұмыс туралы брифинг өткізді.
Спикер департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне, «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес жүзеге асыратынын айтты. Қазіргі танда 97 табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттейтінін, соның ішінде, электр энергиясымен және газбен жабдықтау саласындағы 9 қоғамдық маңызы бар нарық субъектілеріне қатысты баға белгілеу функцияларын жүзеге асыратынын ескертті.
Ол таратқан мәліметке қарағанда, департаментке тарифтерді және тарифтік сметаларды бекітуге 325 өтінім түсіп, оның ішінде, 204 өтінім бойынша ұсынылған құжаттар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған, 37 өтінімді субъект өз тарапынан қайтарып алса, 55 өтінім бойынша тарифтер мен тарифтік сметалар бекітілген, ал 29 өтінім қаралу үстінде. Одан бөлек, департамент жыл сайын тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы бойынша талдау жүргізеді. Талдау қорытындысына сәйкес, 11 субъектіге 17 қызмет бойынша уақытша өтемдік тарифтер бекітіліп, тұтынушыларға қайтарылатын қаржы 117,10 млн теңгені құраған.
Департамент тарапынан инвестициялық бағдарламаларды орындау бойынша биылғы жылы мәслихат депутаттарының, әкімдіктер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен 4 баспасөз туры өткізілген. Сондай-ақ «Табиғи монополиялар туралы» Заң талаптарының орындалуын бақылау шараларын да жүзеге асырады. Атап айтқанда, биылғы жыл басынан бері департамент 10 тексеру жүргізген. Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 17 әкімшілік іс қозғалып, 24,2 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Бұдан басқа, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жұмысы қатаң бақылауда. Реттелетін коммуналдық қызметтерді ұсынудағы проблемалық мәселелерді шешу үшін әлеуметтік желі арқылы табиғи монополия субъектілері өкілдерінің қатысуымен ай сайын тұтынушылар үшін қоғамдық қабылдаулар өткізілген.
Су ресурстарын тұтыну мәдениетін арттыру және тұтынушыларды су мен жылу үнемдеуге ынталандыру үшін табиғи монополиялар туралы заңнамаға «Тұтынудың әлеуметтік нормалары» ұғымы енгізілді. Олар «Неғұрлым көп үнемдесеңіз, соғұрлым аз төлейсіз» қағидаты бойынша сумен жабдықтау саласында тұтыну нормаларына байланысты төрт деңгейлі тарифті қолдану көзделген.
Бұл желілердің тозуын азайтуды қамтамасыз етуге және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ тұтынушыларды ресурс үнемдеуге ынталандыруға мүмкіндік береді, – делінген департамент басшысының орынбасары жариялаған мәліметте.
Бейбіт Мекеев