«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында елімізде, оның ішінде облысымызда атқарылған жұмыстар жетерлік. Дегенмен, тазалық іс-шаралары мұнымен тоқтап қалмай, жыл аяғына дейін жалғаспақ. Осы орайда Қонаев қаласында “Таза қала – таза табиғат” эко акциясы ұйымдастырылды.
Тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында өткен шарада Қапшағай су қоймасының жағажайы қоқыстан тазартылды. Қонаев қаласы әкімдігі мен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ұйытқы болған тазалық жұмыстарына қаланың белсенді жастары, еріктілер мен студенттер тартылды.
Жылдағы дәстүр бойынша суға түсу маусымы аяқталғаннан кейін жағажайда тазалық жұмыстары атқарылатыны белгілі. Аталмыш акция аясында 30 шақты ерікті қолдарына қап алып, көл маңайын мұнтаздай етуге атсалысты.
Қоршаған ортаға қамқорлық танытқан жастар Қапшағай су қоймасының экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосып, жерде жатқан қоқыстың бірін қалдырмай жинады. Жағалаудан шығарылған түрлі қалдықтарды арнайы қоқыс полигонына апарып төкті.
Акцияға мұрындық болған облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма өкілдері аталмыш іс-шараның ары қарай жалғасатынын алға тартты.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы