Қарасай ауданында жаңа білім шаңырағы оқушыларға есігін айқара ашты. Салтанатты шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов, Алматы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхаметшәріп Құрманғалиев, ауданның бас прокуроры Жәнібек Жақаев, Париж олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Дәстүр бойынша әнұран ойналған соң Жасұлан Тоққожаұлы ұстаздар, ата-аналар мен оқушыларды Өмірзақ мөлтек ауданында бой көтерген жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
– Соңғы уақытта ауданымызда бой көтеріп жатқан ғимараттар аз емес. Алайда, мемлекетіміздің болашағы – балаларға арналған нысандардың орны мүлдем бөлек деп есептеймін. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы ерекше, – деді ол сөзінің басында. – Биылғы оқу жылының алғашқы күндері «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қошмамбет және Елтай ауылдарында заманауи үлгіде салынған оқу ғимараттары пайдалануға берілді. Долан ауылында да білім мекемесі ашылды. Осының нәтижесінде ауданымызда соңғы екі жылда үшауысымды мектептердің саны 12-ден 3-ке дейін азайды. Міне, бүгін 900 орынды жаңа мектеп пайдалануға беріліп отыр, – деп сөзін жалғады әкім.
Бұдан соң салтанатқа жиылған жұртшылық алдына Париж олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев шақырылып, аудан кәсіпкерлері атынан иығына шапан жабылып, астына ат мінгізілді. Өз кезегінде Ғұсман Даниярұлы ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дегендей, байрақты бәсекелерде ел мәртебесін жоғары көтере беруге шақырды.
Келесі кезекте сөз алған аудан прокуроры Жәнібек Жақаев жұртшылықты жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ұстаздарға сәттілік тіледі. Ал Өмірзақ мөлтек ауданының тұрғыны Жолдасбек Мәмбетов бір кездері шөп басып жатқан далада аздаған жылда барлық жағдайы қарастырылған тұрғын үй кешенінің бой көтеріп, осындай жарық та еңселі мектептің ашылғанына тұрғындар атынан алғысын жеткізді. Әрине, тұңғыш рет мектеп есігін ашқан бүлдіршіндердің ортаға шығып оқыған тақпақтары да ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.
Осыдан кейін мектеп ғимаратының құрылысын жүргізген «Корпорация АҚ ордасы» ЖШС директоры Ербол Манапов оқу ордасының директоры Зульфия Үмбетаеваға салтанатты түрде мектеп кілтін табыс етті.
Халқымыздың ежелгі дәстүріне сай, жаңа білім шаңырағында еңбек ететін ұстаздар қауымы мен білім алатын оқушыларға арналған ақ батаны ауылдың қадірменді қариясы Серғазы Қырғызов жасады. Ал, тұсаукесер рәсімін атқару құрметті қонақтарға жүктелді.
Лента қиылғаннан кейін қонақтар мектеп ішін аралап, жұмсақ орындықтар қойылған жиынжайды, көрермендерге арналған трибунасы бар спорт залын, компьютерлер орнатылған кітапхананы, талапқа сай аспаздық құрылымдармен жабдықталған асхананы, сынып бөлмелерін аралап көрді. Негізінен отандық өнімдермен жабдықталған кабинеттер жайлылығымен көз тартса, сырттағы стадион, волейбол мен баскетбол және балалардың ойнайтын алаңдары шынымен сүйсіндіреді. Осындай жанға жайлы мектепте тек білімді, озат оқушылардың тәрбиеленіп шығары хақ.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы