Аудандық халықтық штаб мүшелері №17 мектеп ұжымымен кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауына байланысты бірнеше маңызды мәселе талқыланды, әсіресе атом электр станциясының ұтымды тұстары мен маңызы ерекше назарға алынды.
Кездесуде сөз сөйлеген штаб мүшесі Гулфайра Нұрмұханқызы АЭС-тың Қазақстан экономикасы үшін қаншалықты маңызды екендігін түсіндірді. Оның айтуынша, әлемнің дамыған елдері атом электр станцияларынан тоқ көзін үздіксіз өндіріп, оны тиімді пайдаланып отыр. Қазіргі уақытта елімізде электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуда, ал болашақта зауыттар мен фабрикалардың көптеп ашылуымен энергетика саласындағы жағдай күрт нашарлауы мүмкін. Осы себепті АЭС-ты енгізу арқылы туындайтын проблемалардың алдын алу қажеттілігі туралы сөз қозғады.
Ақпаратпен мұқият танысқан мектеп ұжымы АЭС салу мәселесін қолдайтындықтарын ашық білдіріп, штаб мүшелеріне ризашылықтарын білдірді. Кездесу барысында тұрғындар АЭС-тың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті екенін түсініп, бұл бастаманы қолдауға дайын екендіктерін көрсетті.