Биыл қазақ елі, бүкіл түркітанушы-ғалымдар филология ғылымдарының докторы, профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Оқу ісінің озаты, қазақ тіл ғылымының зергері, көрнекті ғалым Ғабдолла Қалиұлы 95 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Ғалым 1929 жылдың 17 қыркүйегінде Шығыстың Ақсуат топырағында дүниеге келген. Табиғаты бай «Барқытбел» атанған қарт Тарбағатай – ерте замандардың көнекөз куәсі. Бұған дәлел – тау бөктері мен даладағы үйінді обалар. «Алтын оба» аталып кеткен Шілікті аңғарындағы қорғандардан осы дәуірдің көне мәдениет ескерткіштері табылған. Археологиялық қазба кезінде 500-ден астам алтын бұйым шыққан.
Бұл өңірде ойшыл көсемдер, шешендер, күйшілер, күміскөмей әншілер, ақындар, әділ билер өмір сүрген. Осындай тарихы терең, тағылымы мол мекеннің топырағынан, ата-ананың тәлім-тәрбиесінен дарыған қасиеттер талапты жастың арманын білім шыңына, асқарларға жетеледі. Ғабдолла Қалиұлы туған ауылында орта мектепті бітіріп, Семейдегі педагогикалық институттың студенті атанады, 1949 жылы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша институтты тәмамдайды.
Институтты үздік бітірген Ғабдолла бір жыл ұстаздық қызмет атқарады, дегенмен ғылым жолы оны өзіне тарта бергені анық. «Ғылым адам санасына болмысы бөлек, ерекше ұтырлы ұғымдарды орнықтыру арқылы ғана терең ұялайды» деп ұлы ойшыл әл-Фараби айтпақшы, болмысы бөлек ерекше әлем мен оның сырлары жас маманның Алматыға, Абай атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі кафедрасына аспирант болып келуіне жол ашты. Сөйтіп, 1950-1953 жылдар аралығында аспирантураны оқыды.
Ол кезең тіл ғылымында да тартысқа толы кезең болатын. Жас ғалым қазақ ғылымының көрнекті өкілі, қазақ диалектологиясының негізін салушы Сәрсен Аманжоловтың шәкірті болып, «Қазақ тілінің Арал говоры» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғайды. Бұл қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінің говорлық (сөйленістік) деңгейде екенін дәлелдейтін алғашқы кандидаттық диссертация еді. Еңбектің қазақ диалектологиясының іргесі бекуіне, тіл ғылымының жеке саласы ретінде қалыптасуына үлкен ықпалы болды, өйткені ғалым алғашқылардың бірі болып жеке аймақ тілін жан-жақты зерттеді. 1990 жылы «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясы жалпы түркі тілдері диалектологиясындағы жаңа зерттеу бағыты саналады, себебі ғалым аталған зерттеуінде жергілікті ерекшеліктерге тән сөзжасам мәселесін түбегейлі қарастырады, аймақтық туынды сөз табиғатын кең қамтып, терең ашады, сондықтан зерттеуде көтерілген мәселелер тек диалектология шеңберінде қалған жоқ. Соған орай сөзжасамның тіл ғылымының жеке саласы болуы қажеттігі жайлы ой-пікірі 1984 жылы жарияланған «Сөз тудыру – қазақ тілінің жеке саласы» атты мақаласында көрініс тапса, 2002 жылы шыққан «Қазақ тіліндегі сөзжасам мәселелері» атты зерттеуі сөзжасамның жеке сала ретінде қалыптасуына үлкен үлес болды деп бағаланды.
«Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» (Ә. Болғанбековпен бірге) еңбегі «тіл қаруы сөздің» табиғатын танымдық тұрғыда егжей-тегжейлі терең зерделейді. Лексика дәстүрлі зерттеу әдіс-тәсілдері бойынша зерттелу нысанына қарай салаларға бөлінеді. Диалектология лексикологияның бір саласы екені белгілі, екіншіден, лексика қабаттарға бөлінеді. Бұлайша жіктеу қазіргі кезеңде «жаңа» саналып жүрген функционалды бағыт талаптарына жауап береді.
Ғабдолла Қалиұлының көз майын тауысып еңбек еткен саласының енді бірі – лексикография. Ол 1969 жылдан бері диалектологиялық, көптомдық түсіндірме, екі тілді аударма сөздіктерді құрастырушылардың бірі. Осы саладағы «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінің» алар орны ерекше, өйткені мұнда тіл ғылымының әр саласы бойынша дәріс оқып жүрген оқытушылар мен магистрант, докторанттар үшін қажетті мәлімет мол. Автор сөздікте тіл ғылымында қазіргі күні қолданылып жүрген терминдермен қатар біраз жаңа терминдерге түсінік береді, сол арқылы тілдің өзін метатілдік тұрғыда нысан етіп қарап, қазіргі кезеңдегі тіл туралы ғылыми ой-пікірдің деңгейі, тілдің құрылымы, тіл білімінің даму кезеңдері мен бағыттары жайында мағлұмат алуға болатынын көрсетеді және осындай ақпарат беруді мақсат еткенін ерекше айқындайды.
Диалектология синкретті ғылым, өйткені ол алдымен тілдің барлық деңгейімен байланысты. Тар көлемде жергілікті ерекшеліктерді жинап, сипаттаумен айналысады десек, кең көлемде тілдің тарихы, халық тарихы, мәдениеті, өмір сүруі, тыныс-тіршілігі, тағы басқа жағдайларының бәріне қатысты. Халық этнос ұғымымен ұштасып жатқан сұрақтарды тұтас қамтып, терең зерттейді, себебі жергілікті ерекшеліктер халық өмірімен біте қайнасып пайда болған, яғни халықтың мың сан ғасырлар бойғы өмірінің куәсі – сөз-аталымдар. Әбдуәли Қайдардың пайымдауынша, тіл әлемі дегеніміз – этнос болмысына қатысты мыңдаған, миллиондаған мағыналық бірліктердің жиынтығы, синтезі. Ал жергілікті ерекшеліктер – сол миллиондаған мағыналық бірліктердің ажыратып алып тастауға келмейтін құрамдас бөлігі. Бұл диалектология ғылымының ішкі және сыртқы лингвистика салаларымен тығыз байланыстылығын туғызады. Аймақтық сөз тілдің барлық деңгейінде көрініп танылады, бұған әдеби тіл, оның нормалары мәселесін қосыңыз. Бұлар – тілдің дамуы, жетілуімен бірге жасасатын сабақтас ұғымдар. Ғабдолла Қалиұлы – осы сабақтастықтың бұрауын босатпай қатар ұстады. Оның қаламынан туған диалектология, сөзжасам, лексикология мен фразеология, жалпы тіл біліміне қатысты зерттеулер нәтижесі жеке монография, оқулықтарға ұласты, ғылым жолындағы шәкірттерінің зерттеулеріне жол салды.
Осындай түбегейлі зерттеуге бейімділіктің арқасында Ғабдолла Қалиұлы жоғары оқу орындарының филология факультеттері бағдарламасына қазақ диалектологиясы ғылыми курсының енгізілуі үшін талмай еңбек етті, өйткені жергілікті ерекшеліктер – ұлттық тілдің құрамдас бөлігі, этнос тарихының балаң дәуірінен ұлт, этнос дәрежесіне дейінгі қазақ тарихының айғағы сақталған қазынасы. «Қазақ тілінің халық тілі, ұлт тілі болып қалыптасу процесін, әдеби тілдің даму заңдылықтарын жете түсіну үшін қазіргі тілдегі жеке категориялардың тарихын зерттеу керек. Бұған қажетті материалдар бұрынғы заманнан қалған тарихи жазба ескерткіштерде, көне нұсқаларда, туыстас түркі тілдерінде және осы күнгі халық тілінің өзінде, оның жергілікті диалектілері мен говорларында жатыр», – дейді бұл жөнінде ғалым. Осы мақсат қазақ диалектологиясы пәнінің типтік бағдарламасын жасауға әкелді, осы бағдарлама негізінде Шора Сарыбаевпен бірге жазылған оқулық – 1967 жылдан бері неше рет басылып, студент қолынан түспей келеді.
Аспирантураны сәтті бітірген жас ізденуші қазақ тілі кафедрасына ғылыми қызметкер болып қабылданады. 1972-1977 жылдары кафедра меңгерушісі (бұдан кейін де) қызметін атқарады. Ғ.Қалиұлы болашақ маманның теориялық білімінің жан-жақты болуына барынша ықпал етті, ғалым ұстаздық жолын ғылыммен ұштастыра отырып, «Қазақ тілінің диалектологиясы» пәнінің оқулығы мен бағдарламасынан басқа «Қазақ тілінің лексикологиясы, тарихи грамматикасы» (М. Томановпен бірге), «Түркітануға кіріспе курстары» бағдарламаларының авторы. Диалектология курсының қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралын (1960), кейін бірлескен авторлықпен оқулығын (1967, 1979, 1991), практикумын (1967), қазақ тілінің лексикологиясы мен фонетикасы бойынша практикалық курсының оқулығын (1972, 1983, 1997) және осы курстар бойынша лабораториялық жұмыстардың оқу құралын (1992) шығарды.
Ғылыми еңбек жазу бар да, оның халық қажетіне, мүддесіне жарауы бар. Бұл жағынан алғанда Ғабдолла Қалиұлы еңбектерінің бағы жанған. Оның «Қазақ диалектологиясымен» қатар «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» (Ә. Болғанбековпен бірге), «Жалпы тіл білімі» (Т. Қордабаевпен авторлықта) көп жылдан бері негізгі оқулық ретінде қызмет атқарып келеді, әсіресе жалпы тіл білімі мәселесіне қатысты қазақ тілінде оқулық, оқу құралдары тапшы болса, аталған еңбек осы тапшылықтың орнын толтырып отырғаны анық. 1996 жылдан бері жалпы тіл білімі курсынан дәріс оқып, оқулықтың жетіле, толыға түсуін назарда ұстады. Оны оқулықтың жаңа басылымдарынан көруге болады. Диалектология курсымен қатар ғалым филология мамандықтары үшін лексикология, түркология, тарихи грамматика, тіл біліміне кіріспе, жалпы тіл білімі тәрізді негізгі курстардың типтік бағдарламаларының авторы, олардың жаңартылған оқу-әдістемелік кешендерін қалыптастырушы.
Ұлағатты ғалым-ұстаз сонау 50-жылдары мектеп мұғалімінен басталған еңбек жолында монография, сөздік, оқулық, оқу құралдарымен қоса екі жүзге жуық еңбектің авторы болып, 5 ғылым докторын және көптеген ғылым кандидатын тәрбиелеген. «Білім мен ізгілік қана мұратқа жеткізеді» деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Ғабдолла Қалиұлы адами өмірде де мұратына жеткен. Өмірлік қосағы, философия ғылымының кандидаты, доцент, Еңбек ардагері Маргарита Асфендиярқызы екеуі құрған шаңырақтың тамыры терең, өрісі кең.
Кіндік қаны тамған туған жері мен өскен ортасы адамның қалыптасуына ерекше ықпал ететіні анық. Адам жаны қашан да жақсылыққа, ізгілікке құштар, биікке ұмтылғанды ұнатады. Ғабдолла ағай осы биіктерге «ақырын жүріп анық басатын» байсалдылығымен, өзіндік ұстанымы берік қалпында жетті. Әділ де біртоға мінезі, орынды әзіл-қалжыңы бізді, шәкірттерін, ескертусіз-ақ өз кемшілігімізді түсініп, түзетуге үйретті.
Парасатты ғалым, ұлағатты ұстаз Ғабдолла Қалиұлы мамандығына, сүйікті кәсібіне адал болды, саналы ғұмырын ғылымға, қазақ тіл біліміне арнады. Қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісі, адамгершілік қасиеті мен табандылығының арқасында ғылымның биік белестеріне көтерілді. Ғылымдағы өзіндік қолтаңбасы мен азаматтық бет-бейнесін абыройлы қалпында сақтады. Өзі таңдаған ұстаздық жол мен ғылым жолына деген адалдықтың Абай атындағы оқу орнында алпыс жылдан астам табан аудармай істеген еңбек, төккен маңдай тердің жемісіне жеткізгендігі даусыз. «Асқар тау алыстан көрінеді» демекші уақыт өзған сайын ұстазымыздың ақыл-кеңесі санамызда сайрап тұрғандай көрінеді. Ұстаздық-ғалымдық ғұмыр жалғаса береді.
Мереке АТАБАЕВА,
филология ғылымдарының докторы, профессор