Бүгін Асқар Тоқпанов ауылындағы №42 орта мектептің мәжіліс залында АЭС салуды қолдау жөніндегі халықтық штабтың кездесуін өткіздік. Біздің басты мақсатымыз — атом электр станциясының маңыздылығын түсіндіру және 6 қазан күні өтетін жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысуға шақыру.
Негізгі мәселелерді талқыладық: АЭС — еліміздің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Бүгінгі таңда әлемнің 30-дан астам дамыған елінде 415 реактор жұмыс істеп тұр. Өзбекстан да атом электр станциясының құрылысын бастауда.
Қоғамда «АЭС қоршаған ортаға қауіпті» деген пікірлер бар, бірақ егер ол соншалықты қауіпті болса, неге ондаған мемлекеттер бұл жобаларды жүзеге асырып жатыр?
Жиын барысында қойылған сұрақтардың бірі — «АЭС құрылысын қандай ел жүргізеді?» болды. Бұл сұрақ референдумда халықтың қолдауымен арнайы сарапшылар мен МАГАТЭ халықаралық ұйымымен кеңесе отырып шешілетін болады.
Сіздермен бірге еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін арттыру үшін бірлесіп жұмыс істейік!Біздің болашағымыз — біздің қолымызда!