АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Мақсат Сейдалиев, Нұрлан Түймелиев, Гамзе Гейдаров «БЕНТ» ЖШС – ның ұжымымен кездесті.
Кездесуде тыңдаушы тарапқа алдағы өткелі жатқан референдумға барып, ҚР азаматы ретінде өз қолдауларын көрсету керектігін айтты. «Біз бармасақ та салынады», деген ойдан аулақ болуға шақырды. АЭС салу бойынша еліміздің мүмкіндіктері әлемдік дамыған мемлекеттермен пара – пар екендігін де қоса кетті.
Ал, Мақсат Сейдалиев болса АЭС салудың бүкіл халыққа пайдасы зор екендігін алға тартты. «Технология күн санап дамып келе жатқан біздің заманымызда электр энергиясына деген сұраныс күн сайын еселене түседі», – деді Мақсат Сейдалиев.
«Елімізде қуаты мықты зауыттар салуға мүмкіншіліктер толықтай бар, алайда біз оларға жеткілікті деңгейде электр қуатын бере алмайтын болғандықтан үлкен мүмкіндіктерден айырылып қалудамыз», – деп Нұрлан Түймелиев өз ойын білдірді.
Кездесу соңында штаб мүшелері еліміз үшін маңызды кезеңде немқұрайлық танытпай, өз таңдауларын жасауға шақырды. БПҰ мүшелері де өз ойларын ашық жеткізіп, АЭС салуды қолдайтындықтарын атап өтті.