Қазақстанда атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі халықтық штаб мүшелері Жамбыл ауданының Мәтібұлақ ауылындағы «Жамбыл керамзит» зауытының ұжымымен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауына байланысты бірнеше маңызды мәселе талқыланды.
Жұмысшылармен жүздесуде әсіресе атом электр стансасының ұтымды тұстары мен маңызы ерекше назарға алынды. Кездесу барысында халықтық штаб мүшесі Армандос Ақылдосұлы атом электр стансасының мемлекеттің дамуына әсер ететін факторларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол АЭС-тың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикасына қосар үлесі туралы байыпты сөз қозғап, жаңа жобалардың артықшылықтарын баса айтты.
«Қазақстанның энергетикалық секторы елімізде өндірілетін барлық электр энергиясының шамамен 70 пайызын қамтамасыз ететін көмір электр стансаларына тәуелді. Алайда, бұл модель күрделі мәселелерге тап болуда. Біріншіден, жұмыс істеп тұрған стансалардың тозу деңгейі 70 пайызға жетсе, екінші жағынан елімізде электр энергиясын тұтыну жыл сайын артып барады. АЭС аталған мәселелерді шешудің дұрыс жолы деп айтуға болады», – деді Армандос Ақылдосұлы.
Кездесу барысында зауыт ұжымына АЭС-тың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті екені жан-жақты түсіндірілді. Жұмысшылар бұл бастаманы қолдауға дайын екендіктерін білдірді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы