«Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша бренд-комитеттің отырысы «Атамекен» Алматы облысының кәсіпкерлер палатасында өтті. Бренд-комитеттің мүшелері болып, Кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ботабекова Ләззат, Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық сұрақтар бойынша орынбасары Дүйсекенов Ержан, туризм салалық кеңесінің төрағасы Искаков Сұңқар, Байсаев Адам, «Даму» кәсіпкерлік АҚ директорының орынбасары Слямов Аслан, Ауылшаруашылықты басқару бойынша салалық кеңесінің өкілі Молдатаев Олжас, ҚР МТИ Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бас маманы Сүлейменов Исламбек, «Жетісу» телерадиокомпаниясы ЖШС директорының бірінші орынбасары Исаева Жазира үздік үштікті анықтау бойынша әділ төрелік етті.
Еске салайық, тамыз айында Қонаев қаласының орталық алаңында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі өткен болатын. Көрмеге 80-ге жуық кәсіпкер қатысып, өз өнімдерімен таныстырған. Көрмеде барлық талаптарға сай, ауыл инфрақұрылымын дамытуға, ауылды жерлердегі жұмыссыздықты жоюға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып жүрген 10 үміткердің өнімі іріктелді.
Киіз үй жасаумен айналысатын Тауан Нұрбол, балдан сабын, майшам және балдың түр-түрін өндіретін Чукенова Назира, емен, қарағаш секілді ағаштардан астау, торсық, қолөнер бұйымдарын жасайтын Әділбай Нұржұма, өз тігін шеберханасында киізден киім, сөмке, аяқ киім жасап бірнеше сән көрсетіліміне, көрмелерге қатысқан Дәулетова Жеңісгүл, жергілікті ұннан, женттен, жалпы сүт өнімдерінен тәттілер пісірумен айналысатын Молдабергенова Фариза, теріден әртүрлі суреттер салатын Райымбеков Дулат, табиғи бал өнімдерін ұсынған Коновалов Павел, киізден ойыншықтар, мәсі, көрпе секілді қолөнер бұйымдарын жасайтын Бозымова Сәуле, ағаштан заманауи киіз үй шамдарын, тасқа әртүрлі сурет салумен айналысатын Құрманбай Ұлбосын көрмедегі үздік қатысушылар деп танылды. Ендігі кезекте, облысымыздың атын жаңғыртатын үштікті анықтау.
Бренд-комитеттің басты талаптарының бірі – өнім міндетті түрде жергілікті болуы қажет және сапалы бірегей өнім өндіруге болатындай, аймақтың ерекшелігін таныта білетіндей болуы. Осыған орай, әрбір кәсіпкер жеке-жеке өнім шығаруының жалпы идеясын баяндады.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық сұрақтар бойынша орынбасары Дүйсекенов Ержан «Кәсіпкерлер палатасы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушыларына өндірісті кеңейтуге, қажет болған жағдайда экспортқа шығуына, сертификаттау мен маркетингтік қолдау жағынан көмек көрсетеді, әрине, жобаның мақсаты – жергілікті өнімді дамыту болғанымен, кәсіпкерлер палатасы – әрбір кәсіпкерге құқықтық, консультативтік, бизнесті дамыту мен мәселелерді тиімді шешуге кепілдік береді», – деді.