Алдағы жылдың 27 қаңтарында қаһарман қала – Ленинградтың фашист басқыншылары қоршауынан азат етілгеніне 80 жыл толды. Ал осынау жыр алыбы Жамбыл бабамыздың өзі «Ленинградтық өренім» деп жалын жырға қосқан қасіретті кезеңді өз басынан кешіргендердің бірі – саналы ғұмырын шекара жұмысына арнаған ардагер, отставкадағы майор Юрий Федорович Никифоров.
Күз айының басында әскер қатарына алынып, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби даярлық бөліміне түскен сарбаздар үшін 83 жастағы қарт ардагермен кездесу әскер қатарындағы алғашқы әсерлі сәт болды.
Ленинград қоршауының нағыз қасіретіне тап болған Юрий Федоровичпен кездесуді шекарашы-ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары – Алматы облысы бойынша филиалының төрағасы, запастағы полковник Д.Мамырханов департамент тәрбиешілерімен бірге ұйымдастырып, кешті өзі жүргізіп отырды.
Алдымен Дәулетқали Советқалиұлы сарбаздарға тағдыр тауқыметін аз тартпаған ардагерді таныстырған соң, сөз тізгінін мәртебелі қонаққа берді.
– Құрметті немерелерім менің! Көзімді ашқаныма он бір күн болғанда Ленинград жаудың қоршауында қалыпты. Әкем капитан шеніндегі әскери адам болған екен. Сондықтан соғыстың бірінші күні-ақ майданға аттанған ол 1944 жылы Венгрия жеріндегі шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тауыпты. Анам біздің қала жау қоршауында болған кезде қайтыс болса керек. Бірақ бұлардың біреуі де менің есімде жоқ. Білетінім, ағам Коля екеумізді Маня әжеміз етегіне салып жүріп, аштықтан аман алып қалыпты, – дейді қария Ленинград қоршауында өткен ауыр күндері туралы.
Сәби болса да бала болып, бір күлмеген соғыс балалары туралы көп жазылды. Алдымен анасынан, содан кейін әкесінен айырылып, жетім қалған Юраның көрер жарығы бар екен, әжесінің тәрбиесінде өскен ол уақыт өте келе қаладағы жетім балаларға арналған суворовшылар әскери мектебіне жіберіледі. Әрі қарай әскери байланысшыларды даярлайтын училищеге түсіп, офицер атағын алған Юрий Федорович жолдамамен Қазақстанға келеді.
Міне, осы кезден бастап, жас жігіттің шекарадағы әскери ғұмыры басталады. Осында шекарашылардың төл басылымы «Часовой Родины» газетінің тілшісімен жақын жолдас болады. Сол досының арқасында өздерінің әскери бөлімдеріне жақын тұрған Қазақ радиосының дикторы болып жұмыс істеген Мұқағали Мақатаевпен танысып, арыстан жүректі ақынның өлеңдерін қызыға тыңдайды.
Осылайша өз өмірінің айшықты сәттері туралы қызықты етіп әңгімелеген қарияны сарбаздар сілтідей тынып тыңдады.
Шара соңында бөлім бастығы, подполковник Сағадат Әуезов қонақтарға тағылымы зор әңгімесі үшін жеке құрам атынан алғыс білдірді. Сондай-ақ бүгінгі кештің бас бұйдасын ұстаған шекарашы-сардар Д.Мамырханов Отан қорғаушылардың қатарын толықтырған жас сарбаздарға аға буын атынан сәттілік тіледі.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі
Қарасай ауданы