Қазіргі таңда біздің мемлекетіміздің ғылым жолындағы жастарға жасап отырған мүмкіндігі өте көп. Сондай мүмкіндіктің бірі ретінде PhD докторанттарының шетелдік ғылыми тағылымдамасын атар едім. Шетелдік ғылыми ортамен танысып, тәжірибе алмасу, бұл көңіл көкжиегінің кеңеюіне ғана әсер етіп қоймай, ғылыми жұмыстың жоғары деңгейде зерттелуіне де өз әсерін тигізері сөзсіз. Шетелдік мамандардан бағыт-бағдар, кеңес алу – бұл өте құнды тәжірибе.
Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығына сәйкес, PhD докторанттарының инновациялық технологиялармен және өндірістің жаңа түрлерімен танысу үшін ғылыми ұйымдарда және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде міндетті түрде ғылыми тағылымдамадан өтуі көзделеді. Жеке жұмыс жоспарыма сәйкес, биылғы жылдың 20 тамызынан 20 қыркүйегіне дейін Түркияның беделді оқу орындарының бірі саналатын Босфор университетінен (Boğaziçi Üniversitesi) ғылыми тағылымдамадан өттім. Мұндай жоғары дәрежелі университет қабырғасында ғылыми тағылымдамадан өту шын мәнінде зор мәртебе.
Көркіне көз тоймайтын Босфор бұғазының бойында орналасқан оқу ордасында білім алу, бір жағынан, мақтаныш, бір жағынан үлкен жауапкершілік жүктеді. Университет кампусы өте көрікті, ғажап жерде орналасқан. Кампустың бір жағы орманды болса, екінші жағынан көркіне көз тоймас Босфор бұғазы көрінеді. Оқу ғимараттары еуропалық стильде салынған. Босфор университетінің тарихына үңілсек, АҚШ-тан тыс жерде құрылған алғашқы америкалық жоғары оқу орны болып саналады.
Оқу ордасының негізін 1863 жылы Сириус Гамлин мен Кристофер Роберт қалапты. Университет еуропалық Утрехт желісі және Жерорта теңізі университеттері қауымдастығының құрамына кірген. Бүгінгі таңда Түркияның ең беделді университеті. «Times Higher Education» нұсқасы бойынша әлемдегі ең үздік 600 университеттің қатарына кіреді. Оқыту толығымен ағылшын тілінде. Университетте 13000-нан астам студент оқиды. Университетте әлемдегі басқа оқу орындарымен жасалған 496 келісім аясында 40 елден 380-ге жуық шетелдік студент дәріс алады. 43 студенттік клуб бар. Сыйымдылығы 4 243 студенттік жатақханалары бар. Университет жалпы аумағы 1,938,045 шаршы метр болатын 7 негізгі кампустан (Оңтүстік, Солтүстік, Хисар, Учаксавар, Килиос-Саритепе және Кандилли) тұрады.
Кітапхана қоры өте бай. 554 455 кітап, 54 636 электронды журнал мен газеттер, 779 562 электронды кітап, 124 баспа журналы және 101 интерактивті мәлімет базасы, 2,296 Брайль және дауыстық кітап бар. Күн сайын 3500-ге жуық зерттеуші мен студенттер кітапханаға барады. Университет құрамында 7 факультет, 1 мектеп, 7 институт бар. Осы инситуттардың бірі – Қоршаған орта туралы ғылымдар институтында (Institute of Environmental Science) бір ай білімімді жетілдірдім.
Инситуттың құрылғанына жарты ғасырға жуықтаған. Зерттеу базасы жаңа. Институт 1982 жылы инженерлік мектептегі қоршаған ортаны зерттеу тобын кеңейту және қайта құру бағытында жаңадан жасақталған. Қазіргі таңда бұл білім ордасы Түркиядағы заң негізінде құрылған алғашқы экологиялық зерттеу ұйымы (Turkish Official Gazette, No: 18124, 3 тамыз 1983 ж.) саналады. Бүгінгі күні инситут директоры – ғылым докторы, профессор Тұрғұт Түзүн Онай мырза. Тұрғұт мырза – менің шетелдік ғылыми кеңесшім. Халықаралық ғылыми ортадағы беделді ғалымдардың бірі. Тағылымдама барысында зерттеу тақырыбым бойынша құнды кеңестерін айтып, докторлық диссертациям бойынша көп бағыт-бағдар берді. Әрі «Өз еліңнің экологиялық жүйесін зерттеу қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесің болады» деп шабыт беріп, қолдау білдірді.
Ғылыми тағылымдама барысында университеттің қызметімен таныстым, ғылыми-практикалық семинарларға қатыстым, кітапханада докторлық диссертациям мен ғылыми мақалаларға материалдар жинау бойынша жұмыс жүргіздім, ғылыми-зерттеу жұмысы шеңберінде әдістеме және зерттеу мәселелері бойынша ғылыми жетекшімнің кеңесін алдым. Тағылымдама аяқталған соң Тұрғұт Түзүн Онай мырза ғылыми тағылымдаманың сәтті аяқталуымен құттықтап, салтанатты түрде сертификат табыстады.
Осындай белді университеттен ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы мырзаға, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Сағындыққызына, өз ғылыми жетекшім Тұрсынгүл Базарбайқызына, Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасына, барлық қолдаған факультет ұжымына, оқытушы-профессорлық құрамға алғыс білдіремін. Бұған қоса, университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамын ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойымен және Ұстаздар күнімен құттықтай отырып, ғылым жолындағы қажырлы еңбектеріңіз жемісті бола берсін дегім келеді.
Алиса ХАСЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты