Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша республикалық референдум басталды. Жергілікті уақыт бойынша сағат 7.00-де Ұйғыр ауданындағы барлық 38 сайлау учаскесінде (35 ашық сайлау учаскесі, 3 жабық сайлау учаскесі) азаматтардың дауыс беруі бір мезгілде басталып кетті. Ұйғыр ауданында бүгін 40 мыңға жуық сайлаушы дауыс бермек.
Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі дауыс беру бюллетенінде “Сіз Қазақстанда атом электр стансасының салынуымен келісесіз бе?” деген сұрақ бар. Ал сайлаушының жауап нұсқалары: “Иә, келісемін” және “Жоқ, келіспеймін”. Сайлаушы кез келген белгіні өзі дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға қояды.
№927 сайлау учаскесі аудандық мәдениет үйінде орналасқан. Ең бірінші болып дауыс беруге аудандық мансап орталығының маманы Әсем Мейрембекова келді.
«Біздің алдымызда үлкен жауапкершілік тұр. АЭС мәселесі бұған дейін талдап, таразыланды. Халыққа жан-жақты түсіндірілді. Енді біз еліміздің болашағы үшін таңдау жасауымыз керек. Ол таңдауды Қазақстанның әр азаматы өзі жасағанда ғана ел дамуына, мемлекеттің өркендеуіне үлес қоса алады. Сондықтан мен болашағымызға алаңдайтын осы елдің азаматы ретінде бүгін таңдауымды жасадым», – деп өз ойымен бөлісті.
Анар Дүйсенбайқызы