Бүгін елімізде мемлекетіміздің келешекте дамуы тұрғысынан аса маңызды шара – Атом электр станциясын салу жөнінде референдум өтіп жатыр. Ортақ отанымыздың энергетикалық тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудей өте өзекті мәселеде отандастарымыз өздерінің нақты пікірін білдіруі тиіс.
– Талғар қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 мектеп-лицейінде орналасқан №838 референдум учаскесінде таңғы сағат 6-дан 57 минут өткенде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны ойнатылды. Сағат тура 7:00-де учаске ашылып, референдум комиссиясының мүшелері мен бақылаушыларға саяси шараны өткізудің тәртібі мен ережелері тағы бір рет түсіндірілді. Сағат 7-ден 02 минут өткенде алғашқы дауыс беруші келіп, өз таңдауын жасады. Оған азаматтық жауапкершілік танытып, ең бірінші болып келгені үшін учаскелік референдум комиссиясы атынан сыйлық ретінде кітап тапсырылды.
Көп ұзамай 18 жасқа енді толған, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алғаш рет өзінің саяси құқын пайдаланып, дауыс берген Айжан Сейсебаева есімді бойжеткен келді. Учаскелік комиссия атынан құттықтап, оған да сыйлық табыстадық.
Жалпы, азаматтардың референдумға қатысуы жаман емес, әсіресе орта буын өкілдері көбірек келіп жатыр. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков те дауыс беріп кетті. Біздің учаскеде 2953 дауыс беруге құқығы бар азамат тіркелген. Солардан сағат 10-ға дейін 75 адам келіп, өз таңдауларын жасады. Басында сирек болғанмен, енді міне бірте-бірте дауыс берушілердің қатары көбейіп кееледі. Кешкі сағат 20:00-ге дейін азаматтардың басым бөлігі келіп, дауыс береді деп ойлаймын, – деді учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Гүлжазира Жүсіпова.
Учаскеде «Аманат» партиясы, Ауған соғысы ардагерлерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлдестігі, сондай-ақ «Дауыс» ұйымының атынан бірнеше адам референдумның өту барысын бақылап отыр. «Аманат» партиясынан бақылаушы ретінде қатысып отырған Айнұр Атамбаеваның айтуынша, дауыс беру барысы жаман емес. Учаскелік референдум комиссиясы саяси шараға жақсы дайындалған.
– Қазірге дейін ешқандай заңбұзушылық немесе өзге жағдай болған жоқ. Азаматтар, әсіресе орта жастағы ересек адамдар немерелерімен келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Бұл да елінің бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарамайтын саяси белсенді, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу тұрғысынан үлгі аларлық өнеге, – дейді ол.
Біз сондай-ақ Талғат жоғары медицина колледжінде орналасқан №840 референдум учаскесін де барып көрдік. Учаскелік референдум комиссиясының төрайымы Бақытгүл Түндікбаеваның айтуынша, дауыс беру бірқалыпты өтіп жатыр. Азаматтардың, әсіресе орта буын өкілдерінің белсенділігі жаман емес.
– Кешке дейін учаске бойынша тіркелген азаматтардың көпшілігі дауыс беріп, өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асырады деп ойлаймын. Өйткені, бұл саяси шара бұрынғылардан өзгерек. Елімізде АЭС салу, салмау жөнінде ешкім бейтарап қалмай, өз пікірлерін дауыс беру арқылы білдіреді деген сенімдемін. Себебі бұл бүгіннің ғана емес, еліміздің келешекте дамуы, жас ұрпақтың өсіп-өнуі, лайықты өмір сүруі тұрғысынан өте маңызды, – деді Бақытгүл ханым.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ