Ұйғыр ауданы, Тиірмен ауылының тұрғыны, жасы ғасырға таяған Ушуров Армия ақсақал референдум күні өзінің таңдауын жасады.
Жеңіл атлетикадан Қазақ КСР-нің және Орталық Азияның чемпионы – 93 жастағы Армия Ушуров Халықарылық жарыстарда талай ел намысын қорғап, тіпті 10 жыл бойы ешкім қайталай алмаған рекорд орнатқан.
Шәкірттерінен шапшаң қария өмір бойы жеңіл атлетикамен айналысқан. 1957 жылы Орталық Азия елдерінің арасында өткен көпсайыста топ жарған. 1965 жылы Кеңес Одағы халықтарының бірінші спартакиадасына, одан кейін Монғолия мен Қытайда өкен халықаралық жарыстарға қатысып, өңір намысын қорғаған. Бірақ оның ең үлкен жетістігі 1952 жылы болды. Сол жылы 110 метрге кедергімен жүгіруден бұрын соңды болмаған рекорд орнатып, есімі спорт саласында алтын әріппен жазылған.
Рекордсмен, сол кезеңдегі спорт шебері атағын иеленген бүгінгі ауданның беделді ақсақалы еліміздің тарихындағы ең маңызды күнде өзінің белсенділігін танытып, дауыс беруге қатысып, өскелең ұрпаққа үлгілі жол көрсетті. Еліміздің саяси өмірінде орын алып жатқан бұл маңызды науқанды өз деңгейінде өткізіп алуға сәттілік тіледі.