Ұйғыр ауданына қарасты Қырғызсай сайлау учаскесінде де дауыс берушілер көптеп келуде. Ауылдық округке қарасты екі сайлау учаскесінде 1408 сайлаушы бар екен. Бүгін сол сайлаушылардың ішіндегі ең жас сайлаушы Мырзалиев Қахар Бақытжанұлы да өз таңдауын жасады. Бақытжанұлы Қырғызсай ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы. 2005 жылы 18 желтоқсанда Қырғызсай ауылында дүниеге келген.
«Еліміздің болашағы жастардың қолында. Бүгінгі референдум да біз үшін, яғни еліміздің болашағы үшін жасалып жатқаны айқын. Мемлекет басшысы АЭС мәселесін халыққа таңдау жасатып, ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиістігін, соның ішінде атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керектігін айтқан болатын. Сондықтан бүгін мен де таңдау жасадым. Әрі ол таңдауымды дұрыс деп есептеймін», – деп ойымен бөліскен Қахар Бақытжанұлы барлық жастарды референдумға келіп, өз таңдауларын жасап, ел болашағына бей-жай қарамауға шақырды.
Ең жас сайлаушы ретінде №899 сайлау учаскесі Мырзалиев Қахарға естелік сыйлық та табыстады. Жуырда ғана 18 жасқа толған Қахар бұл референдумның өз өміріндегі ерекше күн болып отырғанын да жеткізді.