Бүгінгі референдумда мүмкіндігі шектеулі азаматтар да назардан тыс қалмады. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы №929 дауыс беру учаскесінде 20 мүмкіндігі шектеулі, үйден дауыс беретін жан бар. Референдум комиссиясының мүшелері әрбір азаматтың үіне барып, таңдау жасауларына мүмкіндік туғызды.
Шонжыдағы №929 референдум комиссиясының мүшелері түс қайта үйден дауыс беретін азаматтарға жолға шықты. Әр азаматқа бүгінгі күннің маңыздылығын түсіндіріп, референдум бюллетеніндегі ақпараттармен толық таныстырып шықты.
Досқанаев Мұхаметқали – 6 жылдан бері төсек тартып жатқан мүмкіндігі шектеулі азамат. Жүріп-түрып, еңбек етуге мүмкіндігі болмаса да бүгінгі ел тарихындағы маңызды күнде таңдау жасауға қабілетті. Бұл күннің ерекшелігін де, болашақ үшін толғақты мәселе екендігін де жақсы түсінеді. Сондықтан өз таңдауын жасап, дауыс берді. Өзіндей азаматтарды осындай саяси науқаннан шет қалдырмай, барлық мүмкіндікті жасап отырған мемлекет басшысына алғысын да айтып өтті.