Бүгінде Алматы облысы бойынша өнеркәсіп ортасы болып табылатын Іле ауданы мен Алатау қаласында ірі бизнес орындары үшін басты проблемалардың бірі электр энергиясымен жеткілікті қамтамасыз ету болып отыр. Алатау қаласы Ынтымақ ауылындағы “Dolce” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фармация зауытының директоры Маржан Омаровадан бүгінгі референдум, АЭС турасында бірауыз сұрап көрген едік.
– Маржан Ернарқызы бүгінгі дауыс беру науқан туралы пікіріңіз қандай?
– Бұл мәселе шешілмесе, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың және инвестициялық жобалар энергия тапшылығынан одан әрі зардап шегуі мүмкін. Жылдан-жылға энергияға сұраныс артып келе жатқаны жасырын емес. Сондықтан, Қазақстан халқы жаңа технологияны жатсынбай, білікті мамандармен кеңесіп, жаңа көзқарас қалыптастырғаны дұрыс деп санаймын.
– Бүгінгі референдумның маңыздылығы өзіңіз басқарып отырған компанияға қаншалықты тиімді?
– Біздің компанияда қазірдің өзінде сұранысымызға ие энергия қуатын ала алмай келеміз. Бізге керек 220 вольтты 180 вольт көлемінде алып отырмыз. Қымбат құрылғыларымыз қуаттың бірде көбейіп, бірде азаюына байланысты күйіп кетіп жатады. Сондықтан тұрақты қуат көзі АЭС деп білемін. Алатау қаласына да болашақта үлкен электр қуаты керек болатыны сөзсіз, – дейді кәсіпкер бізге берген сұхбатында.
Маржан Ернарқызы отбасымен атом электр станциясының салынуын қолдап отыр. Болашақтарын жарқын және жарық электр қуатымен байланыстыруда.
Бағдат ШОЙБАСОВ,
Алатау қаласы
Алматы облысы