Референдум күніне орай, Кеген ауылындағы Өжек Жаңабаев атындағы орта мектебінде орналасқан №55 дауыс беру учаскесінің алдына ауылшаруашылық көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрмеге Талды ауылынан келген «Зейін» шаруа қожалығы 2 тонна картобын әкелсе, Бөлексаз ауылы қымызын, Кеген ауылы «Адал ет» өнімдері, яғни қой, сиыр етін, Тасашы ауылының кәсіпкері Игілік Әбдірәсіл бал өнімдерін көпшілікке ұсынды.
Мұнда да сайлаушылар учаскелерге келіп, азаматтық ұстаным танытып, өз таңдауын жасады.
Әсем Шанбаева, №558 дауыс беру учаскесінің төрағасы:
-Референдумға дауыс берушілердің саны 1402, қазіргі сағатта қатысу пайызы жоғары. Қазірдің өзінде 500-ден астам сайлаушы дауыс беріп кетті. Белсенділігі жақсы. Бақылаушылар «Аманат» партиясынан, «Дауыс» қоғамдық ұйымынан келіп отыр, – дейді.
Мұнда дауыс беруге келген зейнеткер Шыңғыс Тұрсынов:
-Мен жақын жерде тұрамын. Бүгін мен алдымен дауыс беруге келдім. Азаматтық ұстаным баршаға маңызды деп санаймын. Еліміздің болашағы бізге байланысты, халқымызға бірлік, елімізге бейбітшілік тілеймін! – дей келе өтіп жатқан референдумға сәттілік тіледі.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Дәурен Әбутәліпов
Кеген ауданы