Дана халқымыз «Абысын тату болса – ас көп, ағайын тату болса – ат көп» дегенді бекер айтпаса керек. Әрбір шаңырақтың берекесі, ер-азаматының серігі ғана емес, ауыл-аймақтың ұйытқысы болып жүрген аяулы келін, абысын-ажындармен қазақтың іргесі мықты екені сөзсіз. Сондықтан да ұлтымыздың салт-дәстүрін насихаттап келе жатқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі жыл сайын «Абысын-ажын» фестивалін өткізуді қолға алып келеді.
Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған фестиваль тізгіні Алматы қаласы мен Алматы облысы филиалдарына тиді. Тоғыз облыстан жиналған ақ орамалды абысын-ажындар сөзге шешен, іске шебер, бірінен-бірі өткен өнерлі, алғыр да талантты келіндер екенін көрсетті.
Байқауға қатысушылар бір апта бойы торсық дайындап, оның ішіне өздері ашытқан қымыз, шұбатын құйып, құрт-майын, қарын бүрмесін, балқаймағын әділқазылар алқасына ұсынды. Келіндер сахнада өзін ұстау мәдениетімен дараланып, ойлануға берілген уақытты қалт жібермей тиімді пайдаланды. Байқаудың әр кезеңіне тың тақырыптар таңдалып, оның көрсетілуі де жақсы ұйымдастырылғанына куә болдық.
Бас төрайымымыз Айнұр Жүгінісова бастап, бас кеңесші Зәмзәгүл қажы анамыз қоштаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының абысын-ажындарына тиесілі болды. Ал 1-орын сәні мен сымбаты жарасқан маңғыстаулық келіндерге бұйырса, ибалы да инабатты Баянауыл келіндері 2-орынды, ақылы көркіне сай Абай облысының абысындары 3-орынды еншіледі. Қалған облыстардан келген сайыскерлер де Алғыс хат пен заттай сыйлықтарға ие болды. Табиғи көркем сұлулығымен баураған ақтөбелік келіндер көрермендердің көзайымына айналды.
Кеш соңында «Astana Flaza» мейрамханасында дастарқан жайылып, келген қонақтар мен қатысушы барлық анаға құрмет көрсетілді. Білім саласына өлшеусіз еңбек сіңірген ұстаз, сексеннің сеңгіріне шыққан ардақты анамыз Баян Ахметова дастарқан батасын беріп, қонақтарға ақ жол тіледі.
Сайысқа қатысқан барлық келінге және шараны ұйымдастыруға атсалысқан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы басшысы Ләйлә Дәулет ханым бастаған аудан төрайымдарына ризашылығымызды білдіреміз. Қазағымның салт-дәстүрі жаңғыра берсін!
Кәмила Сапархайыр,
«Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық
бірлестігі Іле аудандық филиалының төрайымы