Елімізде кәсіп бастаймын деген жандарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан да болар, бизнес бастап, халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жүрген іскер адамдар қатары күн санап артып келеді.
Кеген аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы және жергілікті бизнес өкілдерінің демеушілігімен жиын өтті. Аталған шара «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылған күніне арналды.
Алдымен келген қонақтарға өңірдегі «Игілік», «Кеген», «Шебер», «Нұрбек», «Шуақ» сынды шағын кәсіпорындардың тауарлары қойылған көрме ұсынылды. Шарада сөз алған аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы:
– Шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің талабы. Аудан бойынша 188 заңды тұлға, 1338 жеке кәсіпкер, 1856 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Биыл Кеген өңіріне 306 455 турист келіп, бюджетке 81 млн 308 мың теңге салық түсті. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 156 адам 1 млрд 286 млн теңге несие алды. Осы игіліктің бәрі мемлекеттік қолдаудың арқасы, – дей келе кәсіпкерлік саласының ардагері, Жалағаш ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әріп Сыбанбаевқа аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 27 наурыздағы №18-87 шешімімен «Кеген ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, төсбелгісін табыстады.
– Аталарың 86 жасқа келгенде жасаңқырап, көңіл-күйі шаттыққа бөленіп тұр. Сондықтан бәріңізге көп рақмет! Еңбектеріңізге табыс тілеймін! – деген Әріп ақсақал көпшілікке ақ батасын арнады.
Ауданның әлеуеті мен экономикасының қарыштап дамуына елеулі үлес қосып, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысқандар облыстық кәсіпкерлер палатасы және Кеген ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мерекелік шарада аудан бойынша «Үздік салық төлеуші», «Үздік жұмыс беруші», «Үздік азық-түлік дүкені», «Туризм саласының үздігі», «Үздік тауар өндіруші», «Үздік қоғамдық тамақтану орны», «Үздік қызмет көрсетуші» және «Үздік жас кәсіпкер» номинациясының жеңімпаздары анықталды.
Салтанатты жиын соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы