Қонаев қаласында мемлекеттік қызметкерлер үшін арнайы ұйымдастырылған «10 күндік таңғы жаттығу» дәстүрлі спорттық жобасы басталды. Аталған шараның мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау және белсенді де салауатты өмір салтын ұстану.
Қатысушылардың жасына шектеу жоқ. 18 жасқа толғандар мен одан үлкендердің барлығы қатыса алады. Жаттығу 7-16 қазан күндері аралығында, таңғы сағат 6:45-те облыс орталығының орталық жағажайында өтеді.
Алғашқы таңғы жаттығуды грек-рим күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дамир Күзембаев өткізді. Қалған күндері Жақанша Қорлан, Яна Белозерова, Толғанай Қасымхан, Еркебұлан Әнапия, Жасұлан Қыдырбаев, Жібек Құлымбетова, Нұртілеу Өтеген, Евгений Гетало, Надежда Пивоварова сияқты көрнекті спортшылар, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, әлемдік додалардың чемпиондары мен жүлдегерлері жалғастыратын болады. Олар қатысушыларға денсаулыққа пайдалы жаттығулар кешенін көрсетіп, ағзаға жүктемені қалай дұрыс бөлу және оны сауатты да тиімді жасау керектігін үйретеді.
Онкүндіктің қорытындысы бойынша осынау бұқаралық спорттық шараның нәтижесі шығарылмақ. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатысуына қарай жиналған ең көп ұпай бойынша анықталады. Үздік командалар кубоктармен, медальдармен, Құрмет грамоталарымен, сондай-ақ 1-орынға – 300 000 теңге, 2-орынға – 200 000 теңге, 3-орынға 100 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықтармен марапатталмақ.
Салауатты өмір салтын насихаттайтын шараны облыстық дене шынықтыру және спорт, облыстық ішкі саясат басқармалары мен облыстық дене шынықтыру мен спортты дамыту орталығы ұйымдастырып отыр.
Өз тілшіміз
Қонаев қаласы